Жетісудың Сарқан ауданында шаруалар алты кооператив құрды
Жетісу облысының Сарқан ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 6 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.
Бірлескен қожалықтарға жеңілдетілген несие берілді. Шаруалардың бірі мал басын көбейтсе, енді бірі жем қоспасын дайындаумен айналысады. Жалпы биыл облыста аталған бағдарлама арқылы 189 жобаға қолдау көрсетілді.
Қойлық ауылының тұрғыны Өнербек Әшімханұлы бірнеше жылдан бері мал бордақылаумен айналысады. Шаруа кәсібін өркендету үшін туыстарымен бірігіп кооператив құрды. Сол арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, берілген жеңілдетілген несиеге 300 бас тоқты сатып алды.
Өнербек Әшімханұлы, кооператив жетекшісі:
- Өкіметтен берілген қаржысы 34 млн болды. Өкіметке пікіріміз жоқ. Мың да бір рақмет айтамыз. Келесі жылы енді екі есе ғып 600-ге дейін апару ниетіміз бар. «Ақша көбейсе ақыл көп» дейді, басқа да кәсіппен шұғылдануға болады ғой. Ол ойымызда бар.
Сарқан ауданында мемлекеттік бағдарлама негізінде былтыр үш кооператив құрылды. Биыл тағы 6 бірлестік ашылып, кәсіпкерлердің бірқатары 2,5 пайыздық үстемемен берілетін қолдау қаражатына қол жеткізді.
Ғазиз Есжанов, Сарқан ауданы әкімінің орынбасары:
- Биыл 100 млн-нан артық көлемінде қаражатын алды. Тағы да сұраныс берді. Бағдарлама жылдың аяғына дейін ғой. Тағы да үш кооператив алады деп жоспарлап отырмыз. Енді бұл тиімді де пайдалы болып отыр біздің ауылды жерлерге, тұрғындарға. Өйткені пайызы арзан және әрі қарай жұмыстарын жүргізуге ыңғайлы бағдарлама десе болады.
Жетісу облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы биыл 200 адамға қаржылай қолдау көрсетілді. Жыл соңына дейін тағы 71 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Авторлары Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев