Әлемдік БАҚ АЭФ туралы

Астана экономикалық форумын шетелдік басылымдар талқылап жатыр. Бұл жиын посткеңестік елдерде ғана емес, мұхиттың арғы жағында да қызығушылық туғызып отыр. Қазір форумда мыңдаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тынымсыз жұмыс істеп, жұмыр жерге тың ақпарат таратуда. Оның 120-сы – шетелдік журналист. Әріптестер қатарында Bloomberg, The Wall Street Journal, РБК, «Рейтер» және басқа да агенттіктердің тілшілері бар. Сонымен БАҚ өкілдері нені тақырыпқа тамызық етіп , қандай мәселелерді тілге тиек етіп жатыр?

Әйгілі The Latin American Herald Tribune астаналық диалог алаңының ауқымдылығын атап өтті. Журналистер форумға Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан ги Мун мен Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олландтың қатысып жатқаны туралы жарыса жазып жатыр.

Жаһандық сын-тегеурін саммитіне 24 мемлекеттен 450-ге жуық саясаткер, ғалым, экономист, журналистер келді. Олар шамамен 100-ге тарта панелmдік сессияларға қатысып, түрлі тақырыпта ой қорытпақ.

Ресейдің «Интерфакс» ақпараттық агенттігі Астана экономикалық форумы кезінде Қытай мен Еуразиялық экономикалық одағы елдері сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын жариялады. Бұл құжат кедендік рәсімдер, халықаралық сауда рәсімін жеңілдету және зияткерлік меншік мәселелерін қамтиды. 

Ынтымақтастық жөнінде келісімдерге қол қойылды. ҚХР-ның сауда министрлігі өкілінің айтуынша, Қытайдың Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда-саттығы қарқынды дамып келеді. 2017 жылы қос тарап арасындағы алыс-беріс 21 пайызға өсіп, 109,4 млрд долларды құраған.

Әзербайжанның Каспий өңірі, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия жаңалықтарын жариялайтын тәуелсіз Trend басылымы Астана экономикалық форумының маңыздылығына тоқталған. Журналистер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «криптовалюта пайдалануда жалпы ережелер қабылдау» керек деген пікірін жариялады.  

Бірқатар елдер қаржының қазіргі жүйедегі конфигурацияларға бейімделу жолдарын қарастырып жатыр. Бірақ бұл түйткілді шешуде мемлекеттердің алған бағыттары сан түрлі. Бұдан нәтиже шықпайтыны анық. Осы ретте жалпы ережелер қабылдануы тиіс.