«ЭКСПО-2017» ұйымдастырушысы кеңсесінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов пен Америкалық-қазақстандық бизнес қауымдастығының президенті Уильям Кортнидің кездесуі өтті. Ахметжан Есімов Көрмені дайындау барысында атқарылған жұмыстар бағытын таныстырды. Сондай-ақ алдағы аптадан бастап халықаралық қатысушыларға павильондарды өткізу әрі делегация мүшелеріне арналған апартаменттерді табыстау басталатындығын хабарлады. Одан ары қарай павильондарды толтыру бойынша контенттік жұмыстар басталады. «Сәуір айында Елбасы делегациясының құрамында Вашингтонда болдым, онда АҚШ бизнес қоғамдастығымен кездесу болды, олар біздің Көрмеге қатысуға қызығушылық танытты. «ЭКСПО-2017» әріптестері мен демеушілері арасында Cisc», General Electrics, Chevron сияқты ірі компаниялар болды. Сонымен қатар Америкалық-қазақстандық бизнес қауымдастықты да «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырамын», - деп атап өтті Ахметжан Есімов. «Біз өздеріңізбен ынтымақтастық орнатқандығымызға дән ризамыз. АҚШ павильоны толығымен қауымдастық мүшелері болып табылатын жеке компаниялардан тұратын болады. Бұл АҚШ бизнесмендері үшін өте қызықты әрі бірегей мүмкіндік болады деп есептейміз. «Болашақ энергиясы» көрмесін асығыспен күтеміз», - деп мәлімдеді Уильям Кортни. Кездесуде «ЭКСПО-2017» көрмесінің дамуына өз үлесін қосуға ниетті америкалық ірі энергетикалық корпорация АES (American clean power company) таныстырылды. Айта кету керек, халықаралық мамандандырылған көрме Астана қаласында 2017 жылғы 10 маусым – 10 қыркүйек аралығында өтеді, көрме барысында 5 миллион келуші болады деп күтілуде.