«Самұрық-Қазына» отандық компаниялардан 67 млрд теңгенің өнімін сатып алады

Озық технология, өнімді нарыққа таратудың ұтымды саясаты және білікті мамандар – табысқа жетудің негізгі көзі. Оны іс жүзінде дәлелдеген компанияларымыз аз емес.

Сондай-ақ кәсіпорындарымыз әділ бәсекеге түсіп, ұзақмерзімді келісімшарттарға қол жеткізе білді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Президент онлайн форматта өткен Samruk Business Forum-ында айтты. Отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған шарада 67 млрд теңгеге келісімдер жасалды.

Ел экономикасын мемлекет меншігінен шығарып, барынша әлеуетті бәсекелестік ортаға беру. Президент бекіткен 2025 жылға дейінгі ауқымды жекешелендіру жоспары осындай. Оған 700-ге жуық квазимемлекеттік кәсіпорын енді. 112-сі – «Самұрық-Қазына» қорының еншісінде. Жоспар тиімді әрі мемлекет мүддесіне сай жүзеге асуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өкінішке қарай, бізде инфрақұрылымның негізгі нысандарын тиімсіз жекешелендіру деректері бар. Мемлекеттің экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретін орынсыз жекешелендірулерге жол беруге болмайды. Мысалы, темір жолдар мен тұйықтар, өнім тасымалдайтын құбырлар. Бұл жөнінде Үкіметтің тақауда өткен отырысында айттым. Мұндай олқылықтарға енді жол бермеу керек. Жеке компаниялар табыстарының басым бөлігін бюджеттік тапсырыстардан емес, тауарларын экспортқа шығару және көрсететін қызметтері арқылы нарықтан табуы керек. Жекешелендірудің нақты экономикалық қайтарымы болуға тиіс. Кез келген кәсіпорынды жекешелендіруді оның ұлттық экономикаға қосатын үлесін арттыру деп түсіну керек.

Жекешелендіру – мемлекеттік меншікке қатысты мәселе. Сондықтан азаматтарымыз оның барлық шартын білуге құқылы. Қаржысын тиімді пайдаланғысы келетін кез келген қазақстандық «Халықтық IPO» бағдарламасына қатыса алады. Ендігі мәселе, ұлттық әл-ауқат қорына қатысты. Президент сол арқылы бизнестің кез келген түріне қолдау көрсетуді ұсынды. Компания отандық өндірушілерді әрдайым қолдап, экспорттық нарықты игеруіне жағдай жасауы тиіс. «Самұрық-Қазына» төрағасы бұл міндет мүлтіксіз орындалып жатыр деді. Қор өкілдері тек отандық автокөлік мініп, аяқ киім киетін болған. 2018-2019 жылдары қазақстандық кәсіпорыннан 4,7 млрд теңгенің аяқ киімі сатып алынды. Ресей мен Қытайдан әкелінетін тауардың орнын осылайша отандық өнім басты.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы:

– 2021-2022 жылдарға отандық өндірушілермен 6 млрд теңгеге келісім жасадық. 100 процент өзімізде жасалатын өнімдерді сатып аламыз. Келісімшарт мерзімін одан әрі ұзартуға мүмкіндік бар. Бұрын шетелдік Toyota Land Cruiser көліктерін 26,3 млн теңгеге сатып алатынбыз. Қазір барлық компания отандық өндірушілерге көшті. Land Cruiser-дің орнына Hyundai Sonata сатып алынатын болды. Бағасы арзан, 10 млн теңгенің шамасында. Бұдан портфеліміздегі компаниялар 500 млн теңгесін үнемдей алды.

«Самұрық-Қазына» кейінгі бірнеше жылда жаңа өндірістер ашты. Соның бірі – трансформатор зауыты. Мұндай бұйым бұрын шетелден әкелінетін. Одан кейін метанол, цистерна, вагон, сан түрлі датчиктер өндірісі кезекте тұр. Компания тапсырыстарының басым бөлігі жекеге берілетін болды. Бірақ бұл салада Президент көзбояушылық барын ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сатып алу конкурстарында импорттық өнімдерді отандық тауар ретінде көрсету әлі де кездеседі. Мұндай жағдайлар жауапкершіліктен жұрдай кәсіпкерлер мен квазимемлекеттік сектордың осындай әрекетке көз жұмып қарайтын қызметкерлерінің кесірінен орын алып отыр. Бұл бизнестің басты қаупі оның дамуына кедергі келтіреді. Біз қазірдің өзінде квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін тиісті әкімшілік жауапкершілікті енгіздік. Үкімет те, қор да бұл мәселені қатаң бақылауы керек. Кәсіпкерлер мұндай мәселелердің тез әрі тиімді шешілуін күтеді.

Жұрттың сатып алу жоспары мен шарттары туралы ақпаратқа қол жеткізе алмауы, құпия сөз байласып шешім қабылдау деген сияқты әрекеттің бәрі өткен күннің еншісінде қалуға тиіс. Бұл маңызды мәселеде оң өзгеріс болмаса, қолға алынған істердің бәрі бекер.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Аталған саланы цифрландыру «қисынсыз» шешімдерді тез анықтауға және сүзгіден өткізуге, артық бағалардың алдын алуға және сапалы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға мүмкіндік береді. Тендерлер мен конкурстық комиссиялардың шешімдері арасында келіспеушілік туындаған жағдайда ондай дауларды шешудің ашық механизмін әзірлеу қажет. Осы және басқа да аспектілер «Квазимемлекеттік сектордағы сатып алу туралы» заңда бекітілуі керек. Заң жобасы Парламентке жіберілді. Депутаттардан мұны осы сессияда мұқият қарап, қабылдауды сұраймын.

Президенттің айтуынша, қор тарапынан тікелей офтейк келісімдердің қаржыландырылуы қуантады. Бұл бұған дейін елде өндірілмеген тауарды алдын ала инвестициялау жоспары. Соның аясында іске қосылған өндірістер көп. Теміржол жабдығы, электрод және кальций хлоридін шығару ісі қолға алынды. Бүгін солардың бірқатары жаңа келісімшарттарға қол жеткізді. «Самұрық-Қазына» отандық компаниялардың 67 млрд теңгенің өнімін сатып алатын болды.

Дмитрий Матасов, компания басшысы:

– Бүгін қол қойылған келісім арқылы 305 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Қосымша 120 орын ашылады. Бюджетке 5,5 млрд теңге салық төлейтін боламыз.

Өмірзақ Жақыпов, зауыт басшысының орынбасары:

– Кальций хлоридін шығаруды бастадық. 260 млн теңге инвестиция құйылды. 30-ға жуық адам жұмысқа орналасады. Осы бағдарлама тиімділігін көрсетті. 

Офтейк келісімдерді Қазақстанда жұмыс істейтін трансұлттық кәсіпорындар мен мемлекеттік тапсырыс саласында қолдану керек. Форум аясында көтерілген бастамалардың бірі осы.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Офтейк келісімшарттарды экономиканың басқа да салаларына енгізу қажет. Тек жаңа өндіріске емес, шикізат өндірісі мен жартылай фабрикат дайындау ісіндегі компанияларға қолданған жөн. Бұл механизм экономикамыздың хал-ахуалын жақсартатына сенім мол. Себебі толық қуатта жұмыс істей алмай отырған қаншама компанияға қосымша көмек болар еді.

«Самұрық-Қазына» қоры отандық өндірісті үздіксіз қолдап, тұрақты инвестиция ұсынуы қажет. Қор инвестициясы – тұтас елдің әлеуеті. Сол қаржы тиімді игерілсе, ұлттық әл-ауқат қоры атына сай болады деді Президент.

Рауан Мыңбаев