Коллекциялық монеталар қымбаттап барады

Коллекциялық монета мен банкнота жинауды көпшілік хобби дер. Бірақ қазіргі уақытта бұл да бизнестің бір түріне айналып үлгірді. Әсіресе карантин жағдайына байланысты кейбір нумизматтар айналымда сирек кездесетін топтамасын хабарландыру сайттарына шығаруға мәжбүр. Бағасы қолжетімді деуге келмес. Ал сапа сертификаты бар монеталардың құны тіптен жоғары. Бірнеше миллион теңгеден асады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Екінші нарықта коллекциялық теңгенің бағасы шарықтап тұр. Мәселен, мына менің қолымдағы «Жеті қазына» сериясындағы 100 теңгелік тиынның құны 10 мыңға дейін барады.

Ұлттық банк қызметкерлерінің айтуынша, алдағы уақытта карантин жалғаса берсе, санаулы тиражбен шығарылатын монеталардың бағасы әлде де жоғарылауы мүмкін.  

Өйткені сирек сериялардың өндіріс көлемі қысқартылуы ықтимал. Ал тапшылық нарық заңдылығы бойынша баға өсіміне алып келетіні сөзсіз. Бірақ белгілі бір монета үлгісінің құны әр хабарландыру сайтында әртүрлі. Мысалы тағы да сол «Жеті қазына» сериясындағы тазы бейнеленген тиынды бірі 3 мың теңгеге саудаласа, енді бірі 500 теңгеге сатып жатыр. Жалпы аталған топтамадағы 7 түрлі монетаның 3,5 млн данасы қазір айналымда жүр.

Алмат Бәсенов, ҚР Ұлттық банкінің бас дизайнері:

- Мәселен, жолбарыс бейнеленген монеталар 2010 жылы шығарылды. Сол кездегі бағасы 7 мың 300 тг еді. Қазір нарықтағы құны 70-80 мың теңге. «Белка және стрелка» сериясындағы тиындар да арзан емес. Әсіресе Ұлттық банк белгілі бір серия өндірісін тоқтатқан кезде коллекция құны бірден артады. Елде болған пандемия да әсерін тигізбей қоймады. Интернет-дүкеніміз ашылған соң көшпенділердің тотемдік жануарларына арналған монеталарды шығара бастаймыз.

Негізі құнды монеталар алтыннан немесе күмістен соғылады. Бұл атам заманнан бері келе жатқан тарихи қағидат. Сондай-ақ, кейбір тиындар платина мен палладийден дайындалады. Ал әлем бойынша көбіне тантал және ниобий материалдары қолданылады.

Алмат Бәсенов, ҚР Ұлттық банкінің бас дизайнері:

- Тәуелсіздік алғалы ең бірінші шыққан коллекциялық монеталардың ішінде қар барысы бар. Гауһартас аралас жолбарыс пен Көк Тәңірі де алғашқы тиындардың қатарында. Соңғы аталған түрі 2000 жылы шықты. Ол кездегі құны 2700 теңге еді. Қазіргі таңда оның екінші нарықтағы құны 200 мың теңгеден жоғары. Баға көбіне тиынның тиражына, тақырыбына, дизайнына және сапасына байланысты қалыптасады. Бастапқыда коллекциялық тиындардың әр үлгісі 3 мың - 5 мың данадан шықты.

Алтынмен апталған, күміспен қапталған топтамаларды сирек кездесетін бұйымдар дүкенінен табуға болады. Бірақ ондай сауда орындары елорданың өзінде саусақпен санарлық. Әдетте нумизматтардың көбі онлайн сауданы құп көреді. Олардың қатарында 13 жастағы оралдық Шыңғыс Сәпиев те бар. 

Ол интернет арқылы сауда жасап, артық тиын мен банкноттарды өзінде жоқ үлгілеріне айырбастайды.

Шыңғыс Сәпиев, нумизмат:

- Қоржынымда шамамен 2 мың монета мен қағаз ақша бар. Көбіне Қазақстан мен Англия валюталарына және КСРО кезінде қолданылған тиындарға қызығамын. Бірақ өзіміздің төл ақшамыздың дизайнын әлем бойынша үздік санаймын. Оның үстіне теңге - екі тілде жазуы бар жалғыз валюта. Аяққа тұрып кетіп жатсам осы салада өз кәсібімді ашқым келеді. 

Шыңғысқа елорда әкімі Алтай Көлгіновтің өзі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған тиын сыйлаған. Сонымен қатар Ұлттық банктің арнайы тарту еткен «Бата» күміс монетасы да бар.  

Мирлан Алтынбек, Талғат Серікқалиұлы, Диас Қовланбаев, Асхат Қарақойшиев