Индустрияландыру бағдарламасы бойынша он жылда 212 мың жұмыс орыны ашылды

Индустрияландыру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бері мың жарымнан астам кәсіпорын іске қосылды.

212 мың жаңа жұмыс орыны құрылды. Жарты мыңдай жаңа тауар өндірісі жолға қойылды.

Атап айтсақ, Ақтөбеде теміржол рельстерін, Кентауда трансформатор шығаратын 4 зауыт ашылды. Автобустар мен автомобильдер шығаратын кәсіпорындар салынып, киім мен кілем өндірісі дамыды. Бұл туралы «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығының басқарма төрағасы Берік Бекенов хабарлады.

Ал Индустриялық даму комитетінің төрағасы Марат Қарабаевтың айтуынша, былтыр жалпы өңдеу өнеркәсібінде 13 трлн теңгенің тауары өндірілген. Оның 35 проценті яғни 4 трлн 600 млрд теңгесі Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде қолға алынған жобалардың үлесіне тиесілі.

Марат Қарабаев, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы: 

- Мысалы, металлургия саласында 2,6 процентті құрады. Жылына бізде 2 млн тоннадан астам ферроқорытпа өндіретін болсақ, былтыр тағы да бір ферроқорытпа жасайтын Қарағанды облысында компания іске қосылды. Қуаттылығы оның 180 мың тоннаны құрайды. Және қуантатын жағдай: бірінші жыл іске қосылып, қазіргі таңда әлемнің 40-тан астам еліне өз тауарларын экспорттап жатыр. Өте үлкен көрсеткіш бұл машина жасау саласында. Машина жасау саласы былтыр 16 процентке өсті.