431,93 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекеттік органдар сенаторларға парламенттік тыңдаудың ұсынымдарының орындалуы туралы есеп берді

  • 194
  • UPD: 16:11, 02.04.2021
Мемлекеттік органдар сенаторларға парламенттік тыңдаудың ұсынымдарының орындалуы туралы есеп берді senate.parlam.kz

Бүгін Сенатта «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жай-күйі және өнімділігі жоғары бизнесті дамыту перспективалары» тақырыбында өткен парламенттік тыңдаудағы ұсынымдардың орындалуы туралы айтылды.

2020 жылғы 4 наурызда өткен тыңдаулардың қорытындысы бойынша Үкіметке 69 ұсыным топтамасы жіберілген болатын. Бүгін сенаторлар бірқатар министрліктердің, салалық мемлекеттік органдардың және бизнес қауымдастықтың басшылығымен қандай тармақтардың орындалғаны және алдағы уақытта қайсысы орындалатынын талқылады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков өткен жылдың желтоқсанында ұсынылған осындай есепке сенаторлар риза болмағанын еске салды. Ол кезде ұсыныстардың орындалуы төмен деңгейде болған еді. Сондықтан тағы бір кездесу өткізу туралы шешім қабылданған болатын.

«Өткен жылғы желтоқсандағы отырыста біздің комитет мемлекеттік органдардың ұсынымдарды іске асыру бойынша жұмыс жеткілікті деңгейде емес деп шешті. Сондықтан қазір біз сіздермен тағы да кездесіп отырмыз. Осы уақыт аралығында мемлекеттік органдармен белгілі жұмыс жүргізілгенін атап өткім келеді. Бірақ бұл жерде осы саладағы мәселелердің жүйелі шешілуі отандық бизнес өкілдеріне байланысты болатынын түсіну маңызды», – деді Дәурен Әділбеков.

Ұлттық экономика министрінің орынбасаы Тимур Жақсылықовтың айтуынша, қазіргі кезде олардың департаменті кәсіпкерлерді дағдарысқа қарсы мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар, экономиканың ең көп зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнеске банк несиелерін жеңілдікпен қайта қаржыландыру тетігі іске қосылды.

Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрінің орынбасары Аманияз Ержанов та Сенат ұсынымдарының орындалуы туралы айтты. Парламенттік тыңдауға қатысушылар берген ұсыныстарының 40%-тен астамы қазірдің өзінде орындалды. Қалған тармақтар әзірленіп жатқан 2025 жылға дейінгі жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасы жобасына енгізілген.

Отырыстағы негізгі баяндамашы сенатор Еділ Мамытбеков қазақстандық экспорттаушылар ЕАЭО кеңістігінде жиі тап болатын сауда кедергілері проблемаларын, сондай-ақ біздің елге импортталатын тауарлардың сапасының төмендігі мәселелерін шешу әлі де талап етіліп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, сенатордың айтуынша, қазіргі кезде мектеп формасын өндірушілерге Ұлттық стандартты міндетті ету аса маңызды. Бұл қазақстандық мектеп формасының өндірісін 100% ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Хабар 24 телеарнасы