«Орталық Азия» халықаралық сауда орталығының құрылысы басталды

«Орталық Азия» халықаралық сауда орталығының құрылысы басталды

Қазақстан – Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу пунктінде Асқар Мамин мен Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов ортақ келіссөз жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі елдің Үкімет басшылары «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы бой көтеретін орынның алғашқы іргетасын қойды. Орталықтың жалпы аумағы – 400 гектар. Бұл – екі елдің бірлескен инвестициялық жобаларын іске асыру үшін құрылған ірі өнеркәсіптік және сауда-логистикалық алаң. Тәулігіне 35 мың адам мен 5 мың жүк көлігін өткізе алады. Тараптар мұнда өзге де бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Теміржол көлігін дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы хаттамаға қол қойды. Жұмыс сапары аясында Асқа Мамин Қазақстан – Өзбекстан шекарасындағы жаңғыртылған «Қонысбаев» өткізу пунктінде болды. Қазір өткізу бекетінің алаңы 6 гектарға дейін ұлғайған. Қозғалыс жолақтарының саны бұрын екеу ғана болса, қазір алтау, паспорттық бақылау кабиналарының саны бұрын алтау еді, енді 16. Заманауи инспекциялық-тексеру кешендері орнатылған.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Бүгін тарихи күн деп білемін. Біз ортақ идеяны іске асырудың алғашқы жолын бастадық. Ол «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастығы орталығы жобасы. Мұндағы Орта Азия атауы тектен текке таңдап алынған жоқ. Бүгін екі елдің Премьер-министрлері жол картасы бойынша келісім құжатына қол қойды. Мұнда алдағы бірлесіп атқаратын жұмыстар нақты көрсетіліп жазылған.