Мың теңгелік «Күлтегін» банкноттарын қабылдамағандар жауапқа тартылады

Мың теңгелік «Күлтегін» банкноттарын қабылдамағандар жауапқа тартылады

Қазақстан Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департаменті басқармасының басшысы Динара Даутова естелік банкноттар туралы түсіндірме жасады.

Қазақстан Ұлттық банкіне номиналы 1000 теңгелік «Күлтегін» естелік банкноттарын қабылдамау себепті дүкендерге өткізе алмаған азаматтар хабарласып жатады.

«Бұл купюралардың заңды төлем құралы болып табылатынын естеріңізге сала кеткім келеді. Оларды басқа да естелік банкноттар секілді банк операциялары мен аударымдар кезінде және төлемнің кез келген түрі бойынша қабылдауға міндетті. Мұндай банкноттарды қабылдаудан бас тартқан жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 206-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Егер сізден бұл банкноттарды қабылдамаса, Ұлттық банктің аумақтық филиалына өтініш білдіруіңіз қажет. Банкнотты қабылдаудан бас тарту фактісін бейнежазбаға түсіруді немесе жазбаша негіздеме талап етуді ұсынамыз. «Күлтегін» банкнотымен қатар, атаулы күндер мен оқиғаларға арналған естелік банкноттардың басқа да түрлері айналымда бар екенін атап өтеміз. Олардың барлығы да заңды төлем құралы болып табылады.

Оларды ЕДБ мен «Қазпошта» АҚ-тың барлық бөлімшесінде, сондай-ақ ҚҰБ филиалдарында ауыстыруға және айырбастауға болады. Ол банкноттар табиғи тозығы жеткенде ғана айналымнан алынады», - делінген.