«Интергаз Орталық Азия» компаниясының үздік маман байқауының финалдық сайысы өтті

Газ саласының үздіктері оңтүстікке жиналды. Түркістан облысында «Интергаз Орталық Азия» компаниясының «Үздік маман-2021» шеберлер байқауының финалдық сайысы өтті. Сегіз мыңнан астам жұмысшысы бар алпауыт компания шын шеберлерді анықтап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін дәстүрді қайта жалғады. Биылғы сайыс оқу-үйрету орталығының жаңа полигонында өткізілді.

Шеберлер шынында темірден түйін түйіп, газ саласының әр қырында сұрыпталған мықтылар. Олар финалдық сайыста күнделікті атқарып жүрген жұмысын өз тәртібі мен технологиясы бойынша бұлжытпай көрсетіп берді. Тапсырманы орындап, жеңіске жету үшін 92 маман талпыныс жасап жатыр. Соның бірі әрі бірегейі Атыраудан келген Әсел.

Әсел Төреханова, байқауға қатысушы:

- Байқауға қатысу үшін мен көп іздендім, талпындым. Бұл байқаудың бізге берері көп. Бұл байқауға қатысу арқылы өзімнің әріптестеріммен көптеген тәжірибе алмасамын деп ойлаймын.

Дәстүрлі байқау теория мен практиканы жіті меңгерген газ мамандарының шеберлігін шыңдауға арналған. Себебі жоғарғы қысымдағы 20 мың шақырымдық құбырды шашау шығармай басқару үшін әр жұмысшының біліктілігі аса маңызды.

Бақтияр Ізбасаров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары:

- Біздің жұмысшылардың беделін көтеру және өздерінің жұмыстарын көрсету. Былтыр өткізілмеді. Пандемияның кесірінен. Деңгейлері өте жоғары. Біз ризамыз жұмысшыларымызға.

Барлық сынақ шұғыл әрекет ету мен нақты жағдайлардан тұрды. Жұмыс сапасы мен оған жұмсалған уақыт өлшенді. Ұтымды ойы мен медициналық алғашқы көмек көрсету ережелері де бағаланды. Сондықтан «кіл мықтыдан кім мықтыны» анықтау оңайға соқпады.

Серік Ешқалов, «Электр газбен дәнекерлеуші» аталымының жеңімпазы:

- Осы жұмысқа кіргеніме 3 жыл болды. Осы жерге келіп қатысушыларды көрдім. Солардың арасынан осындай 1-орынды, жеңісті алып шықтым. Осындай дәрежеге жеткізген, үйретіп жүрген үлкен ағайларым бар. Оларға рақметімді айтамын.

Ал жаңадан ашылған оқу-курстық комбинатының базасында жұмысшылардың тәжірибесін арттырып, біліктілігін шыңдауға қолайлы жағдай жасалған. Енді мұнда әр облыс, қаладан жұмысшылар келіп, білім кеңістігін кеңейтеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов