Қарағандыдағы «Qaz Carbon» кен байыту фабрикасы өнімнің 80% экспортқа жібереді

Қарағандыда ашылған «Qaz Carbon» байыту фабрикасы өнімнің 80% экспортқа жіберіп отыр. Кәсіпорын бірнеше өндірісті біріктіріп, жоғары санатты көмір концентраты мен болатқа арналған қоспа шығарады. Фабриканың барлық өнімдері темір өнеркәсібінде металды балқыту және қалпына келтіру үшін қажет.

Бұл алып байыту фабрикасы ферроқорытпа, агломерациялық, құю және кокс химиялық өндірістерді біріктіреді. Барлық процесс жабық циклде жүреді. Бұл қоршаған ортаға шығатын зиянды қалдықты нольдік деңгейге дейін түсіреді. Мұндағы газ тазарту жабдықтары мен жүйелері еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. 

Давид Кемертелидзе, «Qaz Carbon» ЖШС акционері:

- Құю және жартылай кокс бойынша жалпы өндірістік қуат миллион тоннадан асады. Көмірге келетін болсақ, жылына 2 миллион тонна концентрация шығарылады. Оның 20 проценті ішкі қажеттілікке кетсе, 80 проценті экспортқа шығарылуда. Ол Қытай, Еуропа мен Скандинавия елдері, яғни Польша, Германия, Чехияға жөнелтіледі. 

Жобаға қаржы құйып қолдау көрсеткендердің бірі – ҚДБ. Оның негізгі миссиясы - елдегі шикізаттық емес секторларға инвестицияларды жүзеге асыру арқылы ұлттық экономиканың тұрақты дамуына үлес қосу.

Абай Сарқұлов, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы:

- Инвестиция көлемі 50 миллиардтан астам. Оның 11-миллиарды біздің ішкі инвесторлар сол қаражатты қосқан. Қалған 70 процентін ҚДМ-ның несиесі арқылы алды.

Фабриканың дайын өнімін тағы бір тұтынушы Қарағанды «YDD CORPORATION» ферроқорытпа зауыты - өңірдің тағы бір ауқымды экспорттаушысы болып отыр. Мұндағы өнімнің 99 проценті шетелге асырылады.

Арсен Мейрембаев, YDD CORPORATION компаниясының бас директоры:

- Бүгінгі күні біз әлемнің 47 мемлекетіне өз өнімдерімізді экспортқа шығарып отырмыз. Барлық 6 құрлыққа өнімдеріміз жеткізіліп жатыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 180 мың тонна жоғары сапалы ферросилициді құрайды. 

Өзіндік құнының төмендігі және өндірістің жылдам мерзімдері қарағандылық концентратқа органикалық энергия тасымалдаушылардың халықаралық нарығында табысты бәсекелесуге мүмкіндік береді, дейді сарапшылар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игліков, Аслан Демесбаев