Сауда жасайтын шетелдік интернет-компаниялар ҚР бюджетіне салық төлейді

Сауда жасайтын шетелдік интернет-компаниялар ҚР бюджетіне салық төлейді
inform.kz

Қызметтері мен тауарларын онлайн платформалар арқылы сататын барлық шетелдік компаниялар Қазақстан бюджетіне ҚҚС төлеуге міндетті болады, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл міндет 2022 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енбек.

Айта кетейік, қосылған құнға салынатын салық мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12% құрайды. Мұның қазақстандық салық төлеушілерге қатысы жоқ. «Төлем тәртібі өте қарапайым. Компаниялар салық салу мақсатында тіркелмейді. Оңайлатылған тәртіпте салық органдарына хат жолдап, ҚҚС төлеуге дайын екендігі туралы хабарлайды», - деді ҰЭМ вице-министрі Азамат Амрин.

Әкімшілендіру шетелдік интернет-компаниялар аударған сомалар туралы екінші деңгейлі банктердің деректері негізінде жүзеге асырылады. Әкімшілік мақсаттар үшін төлем жүйелерін пайдалана отырып, төлемді және/немесе ақша аударымын алушы ретінде шетелдік компанияны сәйкестендіретін белгілердің бірегей жиынтығы болатын Merchant ID немесе MID ұғымын белгілеу ұсынылады. Бұл – халықаралық практика. Мәселені қарастыру кезінде халықаралық, Еуропа елдерінің де, таяу көршілеріміз Ресей мен Беларусьтің де тәжірибесі зерттелген.

Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, осы ҚҚС салығы есебінен бюджетке жылына 2 млрд теңге түседі.

Еске сала кетейік, 2021 жылғы 25 қарашада Сенат Салық кодексіне интернет арқылы сатылатын тауарларға цифрлық салық енгізуді қарастыратын түзетулерді қабылдаған болатын.