Үй маңындағы дүкендерге затты қымбат сатуды қалай қойдырамыз?

Азық-түлік қымбаттап барады. Кейінгі бір-екі аптада әлеуметтік маңызы бар тауарлар құны 0,2 процентке өсті. Әсіресе үй маңында орналасқан шағын дүкендер, ойына келген бағаны қоя бере ме? Үкімет олармен қалай күреспек?

Азық-түлік бағасы былтырдан бері күрт шарықтай бастағаны белгілі. Жыл қорытындысы бойынша Ақтөбе, Ақмола және Маңғыстау облыстарында бұл көрсеткіш ең жоғары болып шықты. Біраз қымбаттаған тауарлар арасында сүт пен ет өнімдері, көкөніс, жеміс және нан бар. Ол елдегі инфляция деңгейіне де кері әсерін тигізіп үлгірді.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Инфляцияға азық-түлік тауарлары, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар негізгі үлес қосты. Баға өсімін тежеу мақсатында өткен жылдың қыркүйегінде шаралар кешені қабылданды. Тұтыну қоржынына кіретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін және басқа да азық-түлікті тұтынудың болжамды теңгерімін құру, мониторинг нәтижелері бойынша жедел шаралар қабылдау жоспарлануда.

Үлкен базарларға қарағанда тұрғын үйлердің жанында орналасқан кішігірім дүкендердегі баға өсімі айтарлықтай көзге түседі. Сөреде бір баға көрсетілсе, кассаға келгенде мүлде басқасы шығады. Заңға сәйкес, олар сауда үстемесін 15 процент төңірегінде орнатуға міндетті. Алайда кәсіпкерлер аталған ережені елемейтін көрінеді. Салдарынан соңғы уақытта осындай бизнесмендерге қатысты шағым саны көбейген.

Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Бүгінгі таңда агенттіктің сенім телефонына 2 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 70 проценті азық-түлік тауарлар бағасының өсуіне байланысты. Көп жағдайда бағаны бөлшек сауда көтереді. Атап айтқанда, үйдің жанындағы дүкендер. Осы дүкендер көбіне 15 проценттік сауда үстемесін сақтамайды.  

Дүкендерге қарағанда ірі сауда орындарының қызметін реттеу әлдеқайда жеңіл. Оларды мониторинг топтары жиі тексеріп тұрады. Негізінен мұндай орталықтар үстемені 15 проценттен асыра алмайды.

Елбегі Әбдиев, Қазақстанның сауда желілері одағы төрағасының орынбасары:

- Біз қойылған талаптарды толық орындап отырмыз. Азық-түлік бағасын бекітілген көрсеткіштен асырмаймыз. Алайда жұрт біздің сауда орындарымызға күнделікті келе алмайды. Оларға үйдің маңындағы дүкендерге кіре салу әлдеқайда ыңғайлы. Шағын кәсіпкерлер соны пайдаланып, бағаны 50 процентке дейін асыратын жағдайлар да тіркелген. 

Қалыптасқан жағдайды реттеу үшін жауапты органдар жыл басынан бері әр өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын жіті тексеруге кірісті. Құнды шарықтатқандар туралы ақпарат жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Ал бағаны тұрақтандыру үшін азық-түлік өнідірушілерімен 189 келісім жасалды. Оған сәйкес кәсіпкерлер сауда үстемесін 10 проценттен асырмау керек.

Дариға Ташенова