«Самұрық-Қазына» активтері қазақстандықтарға қолжетімді болуы мүмкін

Қазақстандықтар «Самұрық-Қазына» қорының активтеріне тікелей иелік етуге қол жеткізбек, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы өзінің Facebook парақшасында жазды.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша компанияда реформа жасауға мүмкіндік туды. Қайта құруға қатысты азаматтардың кез келген ұсынысына қордың есігі ашық екенін жазған. Жақын арада жоспарлар ашық дереккөздерде және қордың ресми сайтында жарияланады. Жалпы қор жұмысында сатып алу жүйесін және отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау механизмдерін күшейту көзделген. Бұл мәселе бойынша 26 қаңтар күні әлеуметтік желіде талқылау өткізілмек.

Еске сала кетейік, өткен жұмада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен кездесу барысында «Самұрық-Қазынаға» реформа жасауға бір ай уақыт берді. Мемлекет басшысы ұлттық әл-ауқат қорының сатып алу жүйесін түсініксіз әрі тиімсіз деп сынға алған болатын.