Қазақстанның ұлттық стандарттарын өтеусіз беру бизнес шығындарын қысқартады

Қазақстанның ұлттық стандарттарын өтеусіз беру бизнес шығындарын қысқартады

2021 жылы Қазақстанның ұлттық стандарттарын халықаралық баламалармен үйлестіру деңгейі 60%-ға жетті, алайда стандарттарды өнеркәсіпте, көрсетілетін қызметтерде және саудада қолдану маңызды міндет болып қала береді. Оны шешу үшін елде тіпті әлемдік ауқымда да теңдессіз шаралар қабылданды.

Қазақстанның 9 315 ұлттық стандартының ішінде 2 996 ҚР СТ экономиканың түрлі салаларында қолданыс таппай отыр.

Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі, «ҚазСтандарт» РМК өткен жылы стандарттарды қолдану деңгейін арттыру, бизнесті қолдау және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасады.

Осылайша, 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда экономиканың барлық субъектілеріне Қазақстан Республикасының барлық қолданыстағы ұлттық стандарттарына өтеусіз қол жеткізуді ұсыну бойынша бірегей тәжірибе қолданылды, бұл бизнес үшін шығындарды 90 млн теңгеден астам сомаға қысқартуға ынталандырды.

2021 жылғы 1 шілдеден бастап халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттер стандарттарын тікелей қолдану қамтамасыз етілді, соның арқасында бизнес шығындарының жыл сайын 7,5 млрд теңгеге төмендеуі қамтамасыз етілді, бюджетке жүктеме төмендетілді, қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігі артты.