Акционерлік қоғамдар бюджет қаржысын жұтады – Мәжіліс депутаты

Қазақстанда мемлекет иелік ететін 13 түрлі акционерлік қоғам бар. Олардың әрқайсысында жүздеген адам жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалақы мен сыйақыдан бөлек, кеңселерді жалға алу, көлік тасымалы мен өзге де шығынға миллиардтаған ақша жұмсалады. Алайда бұл компаниялар ешкімге есеп бермейді. Сондықтан оларға бюджеттен қанша қаражат бөлінетіні белгісіз. Бүгін мәжіліс отырысында депутат Андрей Линник осылай деді. Оның айтуынша, кей акционерлік қоғамдардың қызметі ұқсас. Осыған байланысты бір мәселе туындағанда бір-біріне сілтейтін көрінеді. Бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алу үшін бұл компанияларды бір ұйымға біріктірген жөн дейді Андрей Линник өзінің депутаттық сауалында. 

Андрей Линник, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мемлекеттің отандық бизнесті дамытуға бағыттауға болатын қаражаттың басым бөлігін осы құрылымдар жұтады. Бірақ әрқайсысы өзін бизнес менеджер ретінде ұстайды. Олар үшін кәсіпкерлер  қайта-қайта ақша сұрап, мезі қылатын әлдебіреулер сияқты. Кейде «шенеуніктер өндірісті дамытуға қызмет ете ме, әлде керісінше өндіріс солар үшін жұмыс істей ме» деген ойға қаласың.