Қостанай облысында халықтан сүтті қабылдап алу құны тым төмен

Ауылдағы ағайын сүтті қабылдау құны тым төмен екенін айтады. Әсіресе қысы қатты солтүстік өңірлерде баға шығынды ақтамайды. Жағдай өзгермесе, бұл кәсіптен бас тартып, сауынды сиырды сатуға мәжбүр боламыз, дейді шаруалар. Бірақ күнкөрісі малға қараған ауыл тұрғындары әлі де үмітін үзбейді.

Қарабалық ауданының Бөрлі ауылындағы сүт қабылдау пункті. Бұл жерде таңғы сағат 9 кездерінде күнара осындай қарбалас. Жақын маңдағы алты селолық округтан жиналған сүт осында әкеліп тапсырылады. Ағарғанның сапасы мен құрамы мұқият тексеріледі.

- Молоко должно быть по жиру базисный 3,5, плотность 27-28 не ниже. Если ниже мы можем не принимать.

Ауылдағы қабылдау орынына екі күнде бір 2-3 тонна сүт өткізіледі. Оның барлығы бірден өңдеу зауыттарына жіберіледі. Жаз мезгілі 15 тоннаға дейін жиналады. Бірақ мұндағы жұртты қазіргі баға қанағаттандырмайды. Төрт жыл бойы сүттің литрін халықтан 110 тенгеден алып келсе, осы ақпан айында ғана 10 тенгеге көтеріпті.

Людмила Петрова, сүт қабылдаушы:

- Бағаны сүт өңдейтін зауыт тағайындайды. Одан асыра алмаймыз. Біз жол шығынымызды өтеу үшін әр литрінен 7 теңге ғана аламыз.

Ажар Даированың сегіз сауынды сиыры бар. Соның төртеуі төлдеген.

"Жем-шөп бағасының шарықтап кеткендігі жағдайымызды тіптен шатқаяқтатып жіберді. Жыл он екі ай мал соңында жүрген бейнетіміз ақталмай отыр" деп налиды.

Ажар Даирова, Бөрлі ауылының тұрғыны:

- 110 тенгеден тапсырдық 3-4 жыл, қазір 10 тенгеге көтеріп, сол 120-ға тапсырып жатырмыз. Ол да аз. Кемі 150 болу керек қой. 150-180 солай. Ақтамайды. Кормдары қымбат. Шөптің бағасы 10 мың болды бір рулон 10 мыңнан алдық жазда. Салом вообще көрмедік. Жем шамалы алдық.

Сиырдың сүті тілінде. Азыққа жарымаған арық мал жарытып өнім бере ме?! Кей қораларда күйсіздіктен көтерем болған сиырларды белінен жоғарыға іліп, төрт аяғына тұрғызып қойыпты. Аз-мұз азықты үнемдеу үшін ауыл тұрғындары малды көл жағасындағы қамыста жайып жүр.

Сулдуз Джулфаев, Бөрлі ауылының тұрғыны:

- Мал ауызы көкке іліккенше қамысқа жайып, осылай амалдауға мәжбүрміз, бір орам шөптің құны 12 мың теңгеге жетті. Есептеп отырсақ, бір ірі қараға кететін жылдық шығын 150 мың тенгеге маңайлайды. Сонда бір литр сүтті 120 теңгеге өткізіп, оның азығын да өтей алмайсың. Сондықтан сауынды сиырларды сатудан басқа жол жоқ.

Аудандық әкімдік бұл жағдайдан хабардар. Алайда қандай да бір ықпал етуге олардың құзыры жетпейді. Жекеменшік сүт өңдеу кәсіпорындарымен келіссөз жүргізіп жатқандарын айтады.

Нұрлыжан Ақымбеков, Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары:

- Бүл бағамен әрине қазір түсінеміз. Қазіргі кезде 120 теңге литріне аздау. Бірақ дегенмен, бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Cүт өндіретін кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Қостанай дүкендерінде сүттің литрі 310-350 теңге аралығында. Сауылған сәттен сөреге дейінгі аралықтағы өсім шамамен үш есе. Осындай бағаның алшақтығын ауылдықтар түсінбей дал.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг