Ақтауда қалалық жағажай сенімгерлік басқаруға берілді

Ақтауда қала жағажайы сенімгерлік басқаруға берілді. Қала билігі кәсіпкермен 10 жылға келісім-шарт жасаған. Соның негізінде «4а» шағын аудандағы жағажай күл-қоқыстан толық тазартылады. Онда кіру тегін болады. Ал бизнесмен бұл жерге дүңгіршектер қойып, қосымша қызметтерді ұсыну арқылы табыс табады.

- Гору мусора строительного мы собрали здесь с пляжа. Часть вывезена, часть пока здесь находится.

Аумағы 1 гектардан асатын жағажай күн санап өзгеріп келеді. Кәсіпкер тазалау басталғалы бері бірнеше тонна қоқыс алынғанын айтады. Су бетіне шығып жатқан ірілі-ұсақты тастар, бөтелке сынықтары да жиналған. Жағажайды қалпына келтірудің бірінші кезеңінде бұл жерге 300 тонна құм жеткізілген. Қазір топырақты тегістеп, жаю жұмыстары жүріп жатыр.

Руслан Сүлейменов, серіктестік өкілі:

- Жағажайды абаттандыру жұмыстары аясында шешінетін орындар, құтқарушы тұратын мұнаралар мен медициналық пункт жасалады. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоларбамен жүруі үшін арнайы басқыштар қойылады. Шатырлар мен отырғыштарды кез келген адам қолдана алады.

Қала жағажайының ендігі тазалығына кәсіпкер жауапты. Туристерге даяшы, құтқарушы, тағы басқа қосымша қызмет түрлерін көрсету мақсатында биыл 15 адамды жұмыс алуға ниетті. Жаз айлары теңіз жағасында демалушыларға әртүрлі көлемдегі серуен қайықтары мен жүзу тақталары жалға беріледі.

Ердәулет Базар, «Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы» ММ сектор меңгерушісі:

- Кәсіпкер 2022 жылдың 20 маусымына дейін сенімгерлік басқарудың талаптарына сәйкес барлық жұмыстарды аяқтауға міндеттелді. Жағажай заманауи түрде абаттандырылады. Санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Ең басты талап қала тұрғындары мен қонақтары үшін жағажай аумағына тегін кіруді қамтамасыз ету.

Айта кетейік, бұл пилоттық жоба. Алдағы уақытта өзінің тиімділігін көрсетсе, басқа да жағажайлар сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін. Бұл тізімге Приморский елді мекені маңындағы «Солдат» жағажайы, 7а және 15а, сондай-ақ Самал-2 ықшам ауданының аумағы кіреді. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев