Елімізге былтыр шетелден $23,7 млрд тікелей инвестиция тартылды

Қазақстан нарығы шет елдік кәсіпкелер үшін тартымдылығын жоғалтқан жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда қаржы салып, кәсіп ашатындар қатары қайта көбейіп келеді.

Мәселен былтыр шет мемлекеттен 23,7 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылды. Биыл да осы бағытқа басымдық беріліп, отандық өндірісті арттырмақ.

Қазақстан жылына 38,4 миллиард долларға тауар импорттайды. Оның басым бөлігі машина жасау, химия өнеркәсібі, қара және түсті металл, жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен құрылыс материалдарының үлесінде. Үкімет осы заттарды елде өндіруге басымдық бермек. Ол үшін жалпы құны 20 триллион теңге болатын 700-ден астам жобаның тізімі жасалды.

Оларды міндетті түрде іске асыру үшін министрлік тарапынан әрқайсына бір адамнан бекітіледі. Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы бағытта өндіріс ашқан кәсіпкерлерді ынталандырып, қаржылай қолдауға ниетті. Жазда арнайы бағдарламаны іске қоспақ. Оның аясында өңдеу саласында іс бастаған шағын және орта бизнеске 3-7% аралығында жеңілдікпен несие беру қарастырылған.

Аяқ киімді таңбалау уақыты кейінге шегерілді. Сәуір басталғалы елде арнайы белгі соғылмаған аяқ киімді сатуға тыйым салынған еді. Алайда оған жергілікті кәсіпкерлер дайын болмай шықты. Енді таңбалау жүйесі келер жылдың 1 сәуірінде іске қосылады. Айта кету керек, 1 наурыздан бастап таңбалауды жүзеге асыратын оператор шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында аяқ киімді тегін таңбалауға мүмкіндік беріп отыр. Өтініштер 1 маусымға дейін қабылданады. ЕАЭО елдері 2019 жылдың 1 наурызынан бері тауарды таңбалау туралы келісімге келді. Бұл өнімнің одаққа мүше мемлекеттерде еркін қозғалуына жағдай жасайды.

Қазақстан киім-кешекпен өзін қамтып қана қоймай шетелге экспорттауға мүмкіндігі бар. Бірақ осыны пайдалануға өндірістің тұралап қалуы тұсау болып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму миинистрлігі мәселені шешуге білек сыбана кіріскен. 2025 жылға дейін мақта, жүн, терінің өндірісін дамытуға ниетті. Ақ ұлпаны толығымен елде өңдейміз деген меже бар. Мата, жіп, тоқыма бұйымдарын шығаратын 7 жоба жүзеге асырылмақ. Жүн түтетін 3 фабрика салынып, экспорт көлемін 10 миллион АҚШ долларына жеткізбек. Теріні өзімізде өңдесек, 3,6 миллиард теңгенің импорттық өнімін алмастыруға болар еді. Министрліктің мәліметі бойынша, қазір елдегі жеңіл өнеркәсіп орындары тек тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Ашық бәсекеге құлықты  емес. Сондықтан жыл сайын нарыққа 8 миллиард теңгеге тауар импортталады екен.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

— Отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мемлекеттік тапсырысқа ғана арқа сүйейтінін байқадық. Оларды коммерциялық сегментке бағыттау қажет. Бұл мәселені шешу үшін көршілес елдердің жеңіл өнеркәсіп компанияларымен келіссөздер жүргізілді. Қазірдің өзінде кейбір ірі инвесторлар өз жобаларын елімізде іске асырып, РФ-ға экспортқа бағыттауға мүдделі болып отыр.

Шетелден инвестиция тарту көрсеткіші бойынша Қазақстан пандемияға дейінгі деңгейге жетті. Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда былтыр елге өзге мемлекеттерден 23,7 миллиард доллар тікелей инвестиция құйылды. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 37%-ке көп.

Қазақстан нарығына қызығушылық білдірген мемлекеттердің көш басында Нидерланд, АҚШ және Швейцария тұр. Алғашқысы бір жылда 6,97 миллиард доллар құйған. Ал АҚШ — 2,8. Швейцария 2,65 миллиард доллар жұмсапты. Бестікке Ресей мен Қытай кіреді. Инвесторлар негізінен өңдеу өнеркәсібі саласына қаржы құйған. Биыл Қазақстан шетелдік кәсіпкерлердің қызығушылығын арттыру үшін 2025 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясат тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.

Өзбекстанның Орталық банкі базалық ставканы 300 пунктке көтерді. Яғни 14%-тен 17%-ке жеткізді. Бұл соңғы 17 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Осы арқылы ала тақиялы ағайын елдегі инфляцияның өсімін тежеп, ұлттық валютасындағы депозиттерді сақтап қалуға ниетті. Мәліметтерге қарағанда наурыздың ортасынан бері өзбек сомының АҚШ долларына шаққандағы құны 6,8 %-ке төмендеген. Былтырмен салыстырғанда, екі есе жоғары. Өткен бір жылда сом долларға шаққанда 3,5 %-ке ғана арзандаған. Бүгінде төл валютасын тұрақтандыру үшін Өзбекстан Ұлттық банкі интервенция жасап жатыр. Алайда бұл мақсатқа қанша қаржы жаратылғаны әзірге жарияланбады.