Шымкент бюджеті 20 млрд теңгеге толықты

Шымкентте мәслихат депутаттары қалалық бюджетті қайта қарап, жергілікті қазынаны шамамен 20 млрд теңгеге толықтыру туралы шешім қабылдады.

Осылайша мегаполистің жалпы бюджеті 489 млрд теңгеден асты. Жоғарыда айтылған қосымша қаражат әлеуметтік мәселелерді шешуге, шаһарды абаттандыруға, қолжетімді тұрғын үй құрылысына, суландыру жүйесін жаңғыртуға және көшелерге бейнебақылау камераларын орнатуға жұмсалады. Оның ішінде 1 млрд 293 млн теңге жол жөндеу жұмыстарына арналған. Тұрғындардың көкейін тескен де осы мәселе еді. Мұның сыртында қаланы дамытуға биыл республикалық бюджеттен тағы қаржы бөлінеді деген үміт бар.

Мұхит Кемелов, қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары:

- Жақын арада республикалық бюджеттік комиссия отырысы өткен болатын. Ол жерде өңірлерге бағытталған нысаналы трансферттер туралы мәлім етілді. Бүгінгі таңда ол құжат Мәжіліс қарауына енгізілген. Нәтижесін алдағы уақытта күтетін боламыз.