«Айналым схемасын» қаржыландыруды арттыруды тапсырамын – Ә. Смайылов

Азық-түліктің негізсіз қымбаттауына жол берген әкімдер Премьер-Министрден тағы сөз естіді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен Маңғыстау облысында пияз бағасы шамамен 40%-ке өскен. Сиыр еті 5,5%-ке қымбаттады. «Былтыр оңтүстік өңірлердегі фермерлермен келісімшарт жасау туралы бірнеше рет айтылды. Бұл тапсырма орындалмады», - деді Үкімет басшысы. Кейінгі 2 жылда Солтүстік Қазақстан облысында сүт-тауар фермаларын салуға қомақты қаражат бөлінсе де, сүт өнімдерінің бағасы арзандамаған. Аталған өңірде айран 15%-ке, сүзбе 10 және сары май 5, 5% қымбаттаған. Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың айтуынша, өткен аптада үй жанындағы 31 мың дүкенде, яғни сауда объектілерінің 73%-інде рейдтік іс-шаралар жүргізілді. 231 бұзушылық анықталған.  Cауда үстемелері 25%-ке төмендетілді. Ержан Қазанбаев өңірлерде айналым схемасын қаржыландыруды ұлғайту тиімсіз жүріп жатқанын айтады. Жоспарланған 100 млрд теңгенің жартысы ғана бөлінген.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

– Қазіргі инфляция деңгейі өте жоғары болып қалыптасып отыр. Жылдық көріністе 12% болды. Біздің барлық жұмыстарымыз халықтың жалақысын көтеру, зейнетақыны көтеру, әлеуметтік көмекті ұлғайту, бәрі жоққа шығып отыр. Нақты табыстар төмендеп жатыр. Инфляцияның негізінде. Бұл жұмысты қолға алмасақ, ертең халықтың наразылығын туғызады. Біз бірнеше рет айттық «айналым схемасын» қаржыландыруды арттыруды қамтамасыз етсін деп. Алайда бүгінде бұл жұмыс тиісті деңгейде орындалған жоқ. Осы айдың соңына дейін қаржыландыруды «айналым схема» бойынша 100 млрд теңгеге дейін арттыруды тапсырамын.