Қазақстан халық партиясының өкілдері еліміздің автоөндірісімен танысты

Бүгін Қазақстан халық партиясының өкілдері Қостанай автозауытында болып, отандық автокөлік және ауыл шаруашылығы техникалары өндірісімен танысты.

Сондай-ақ «СарыаркаАвтоПром», «Агромашхолдинг KZ» зауыттарының ұжымымен кездесіп, өзара пікір алмасты. Негізінен әңгіме алдағы референдумның маңызы жайлы өрбіді. 

Сарыарқа автопрм зауыты соңғы үлгідегі замануй құрал-жабдықтармен жарақталған. Өндіріс де жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2020 жылы 40 мың көлік шығарылса, былтыр 60 мыңға жетті. Түрлі әлемдік бренд қатары да толыға түскен. Өткен жылы Лада, Рено маркалы машиналардың өндірісі іске қосылды. Бүгін осының бәріне Қазақстан халық партиясының өкілдері көріп, тәнті болды. Оның төрағасы Қостанай автозауытында алғаш рет болып отыр.

Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан халық партиясының төрағасы:

- Қостанай  биылдың өзінде аз дегенде 20 мың жұмыс орынын ашатындай осындай қуатты кластерге ие. Менің ойымша, Қостанайға әлі де осындай 5-6 зауыт қажет. Себебі мұнда білікті инженер кадрлар бар.

Отандық автозауыттар бүгінде бастапқы кездегідей құр құрастырып, жинаумен шектелмейді. Қазір сырлау, дәнекерлеу сияқты ұсақ торапты жұмыстар өзімізде атқарылады. Тіпті жекелеген бөлшектерін шығара бастады. АгромашХолдинг зауытының оқшаулау орталығының аумағы 36 мың шаршы метр. Орталық металды иіп кесетін, пластикалық жабдықтар өндіретін, электр сымдарын ширатып, есетін жоғары өнімді автоматтандырылған желілермен, станоктармен жарақталған. Былтыр кәсіпорын өткен кезеңмен салыстырғанда екі есе көп комбайн, трактор шығарды. Ермұхан Ертісбаев осы зауыттың ұжымымен кездесіп, түрлі тақырыпта пікір алмасты. Негізінен әңгіме еліміз үшін маңызды саяси шара алдағы референдум жайында өрбіді.

Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан халық партиясының төрағасы:

- Алдағы 5 маусымдағы референдум бәріміз үшін маңызды. Сондықтан мен сіздердің оған белсенді түрде қатысқандарыңызды қалар едім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  автоөндіріс мәселесіне ерекше назар аударып, үлкен қолдау білдірді. Және автоөндірісте отандық үлестің артып келе жатқандығын атап өтті. 

Қонақтар сондай-ақ Қостанай автокөлік колледжінде болды. Бұл салалық мамандарды дайындайтын негізгі оқу орыны. Қазір мұнда 3 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Әлеуметтік әріптестік негізінде зауыттарда өндірістік  тәжірибеден өтіп, кәсіби біліктіліктерін ұштайды. 

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг