2023 жылы Ресей бюджеті $30-50 млрд қысқаруы мүмкін

2023 жылы Ресей бюджеті $30-50 млрд қысқаруы мүмкін

Еуроодақтың мұнай эмбаргосынан кейін Ресей бюджеті 30-50 миллиард доллар шығынға ұшырауы мүмкін.

Инвестбанк сарапшысы Наталия Лаврова осындай болжам жасады. Соңғы мәліметтерге қарағанда Ресейдің өзге елге сататын мұнайының 55 проценті Еуроодаққа жөнелтіледі. Биыл наурыз бен сәуір аралығында бұл көрсеткіш 20 процентке дейін азайған. Яғни ресми Мәскеу қара алтынды өткізетін өзге нарықтар тауып жатыр. Десе де, мұнай эмбаргосы толық күшіне енгеннен кейін жағдай қиындауы мүмкін. Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларының алтыншы легі үшінші маусымда күшіне енді. Ол бойынша алты айдан кейін Еуроодақ теңіз арқылы Ресейден келетін мұнайдан бас тартады. Егер осы сценарий жүзеге асса, көрші елде қара алтын өндірісі 30 процентке азаюы мүмкін. Мәліметтерге қарағанда Ресей бюджетінің 40 проценті мұнай, 12 проценті газ сатудан түскен қаржымен толығып отырған.