Ақтөбеде қайтарымсыз грант үміткерлерінің істі өрлету барысы бақылауға алынады

Биыл Ақтөбеде 350-ге жуық адамға кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грант беру көзделіп отыр. Бизнес жоспарларын жасаған үміткерлер қазір өтініш беріп жатыр. Алайда бұл жолы қатысушыларға қойылатын талап та жылдағыдан өзгеше болмақ. Ең бастысы, бөлінген қаржының тиімді жұмсалып, істің өрлеуі бақылауға алынады. Сондықтан ұйымдастырушылар еңбекқорлығымен ерекшеленетін үміткерлердің жеңіске жететінін айтады.

- Сейчас делаю на заказ на 40 человек хлебные изделия, булочки, косички.

Дидар Боранбаеваның жеке іс бастап, кәсіпкер атанғанына жарты жылдан асты. Ұннан түрлі тағам пісіруді ұнататын ол, бұл кәсіпті бизнеске айналдыру үшін гранттар байқауына жоба жолдап, жеңіп шыққан. Нәтижесінде берілген қайтарымсыз қаржыға қажетті жабдықтар алып, жұмысын қыздыра түсті. Үш бала өсіріп отырған отбасы атаулы көмекке мұқтаж болатын. Қазір жағдайлары түзеле бастаған. Керісінше өнімге тапсырыс мол болғандықтан кәсіпті кеңейтіп, жұмысшылар алу керек болып тұр. 

Дидар Боранбаева, кәсіпкер:

- Мен бір үлкен зал ашқым келеді. Сол залдың ішінде адамдар заказ беріп күтіп отырмай, дәл сол жерден алып кете алатындай мүмкіндігі бар жер іздеймін. Сол жерде нан түрлері болса, бізде идея өте көп. Сосын салат түрлері. Егер адамға аяқ асты қонақ келіп қалады. Адам сол жерден бәрін алып кете алатындай жағдай жасағымыз келеді. 

Дидар секілді былтырдың өзінде грант алып, мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп бастағандар қазір көпке үлгі көрсетіп отыр. Олардың арасында көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Ал биыл гранттар байқауында жеңген үміткерлерге бір миллион теңгеден астам қаржы беру көзделген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары. 

Әлия Хамидуллина, халықты жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі:

- Былтыр кондитерлік өнім мен тігін шеберханасы көп болғандықтан биылға комиссия мүшесінің біршама өзінің ойларын барлығын түйіндеп келгенде биыл қоғамға пайдасы бар гранттар өтейін деп отыр. Мысалы, ол спорттық үйірмелер, оқу орталықтары, мына массажный денсаулыққа пайдалы, сондайға аса мән берейін деп отыр.

Қазірдің өзінде жеті адам қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, бизнес бастаған. Жеңімпаздардың келесі легі алдағы айларда белгілі болмақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев