Қазақстан мен Грузияның тауар айналымы 147,7 млн долларға жетті

Бұл – рекордтық көрсеткіш, - деді ел Премьер-министрі Әлихан Смайылов. Ол бүгін елордаға келген Грузиялық әріптесі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді. Әлихан Смайылов екі ел арасындағы жүк тасымалын кеңейту үшін барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ тараптар кездесу барысында бизнес-байланыстарды кеңейту жолдарын талқылап, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту жаңа әуе рейстерін ашу мүмкіндіктерін қарастырды. Ел премьері екі ел арасындағы туристік әлеуетті, оның ішінде эко- және этно-туризмді дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Бүгінде Қазақстаннан Грузияға 34 тікелей әуе рейсі ұшады. 12 әуежайда шетелдік әуе компаниялары үшін ашық аспан режимі енгізілген.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Грузия Қазақстанның маңызды экономикалық және сауда серіктестерінің бірі. Осы қарқынмен жалғастыра берсек, өзара тауар айналымды 300 млн долларға жеткізуге болады. Екі елдің әлеуетін ескере отырып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндігіміз мол. Алдағы бірнеше жылда өзара тауар айналымын жарты миллиард долларға жеткізуге ниеттіміз.

Ираклий Гарибашвили, Грузия премьер-министрі:

- Екі ел арасынағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін көріп отырмыз. Кейінгі жылдары қарым-қатынастарымыз табысты жүзеге асырылып жатыр. Мүмкіндіктеріміздің одан да көп екенін айтқым келеді. Алдағы уақытта өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтуға қатысты сұрақтарды талқылауға ашықпыз.

Кездесу соңында өзара тауар айналымды арттыру жөніндегі жол картасы, Astana Hub пен Грузияның Технологиялар және инновациялар агенттігі арасында меморандум, сондай-ақ екі елдің темір жол компаниялары асындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.