Елде битум зауыты салынады – Қ.Өскенбаев

2025 жылға дейін елдегі автомобиль жолдарының 95% сапалы болуы керек. Президент пәрмені осындай. Ол үшін бюджеттен қыруар қаржы да бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ түйіткілі тарқамаған салада бұл межені орындауға да бірқатар кедергілер бар. Қазақстан жылына миллион тоннаға жуық битум өндіреді, бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Ішкі нарықта жыл сайын шикізаттың 200-300 мың тоннасы жетпей қалады. Осы орайда, келесі жылы жаңа битум зауытының құрылысы басталуы мүмкін. Бұл туралы министр Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Өндіріс орны Ақтөбе облысында салынуы мүмкін. Одан бөлек, битум импортын да арттыру көзделіп отыр.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Қазір бүкіл өңірлер битум іздеп отыр. Энергетика министрлігімен бірге қазір бұл мәселені шешіп жатырмыз. Үкімет басшысы Ресей Федерациясына хабарласып, ол жақтан 100 мың тонна әкелейін деп жатырмыз. Белорруссиядан 10 мың тонна қосымша әкелейін деп жатырмыз. Өз зауытымызда Шымкентте 45 мың тоннадай мүмкіншілік бар қосымша.