Жамбыл облысындағы кәсіпорын жұмыскерлеріне жағдай жасап отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға үнемі назар аударып келеді.

Бұл бастамаға еліміздегі ірі кәсіпорындар да үлес қосуға тиіс деген болатын. Бұл орайда Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» серіктестігі өңір бюджетіне қомақты салықтық түсімдерден бөле қоғамдық-әлеуметтік шараларға белсене атсалысады. Алпауыт кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын көтеріп, 5 мыңнан аса қызметкерді тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр.

Қазфосфат зауыты жұмысшыларының жағдайын жақсарту бағытында ауқымды іс атқарып келеді. Өндіріс ошағы былтыр Тараз қаласындағы зауыттарда жұмыс істейтін 3,5 мың қызметкерге тегін ас бере бастаған. Биыл оған Сарысу мен Талас аудандарындағы цех жұмысшылары қосылды. Компания басшылығы зауыттарында еңбек ететін 6 жарым мыңнан аса жұмысшының жалақысын көтерген.

Тыныбек Мұқашев, "Қазфосфат" ЖШС "Қаратау және Шолақтау" ТКӨК директорының кеңесшісі:

- Жылдың басында жұмысшылардың жалақысы 10 пайыз қосылған болатын. Жақында шілде айында тағы да 10 пайыз қосылды. Сонымен қосқанда биылдыққа 20 пайыз жұмысшылардың жалақысына ақша қосылды.

Алпауыт кәсіпорын тегін тамақпен қамтамасыз етуге жылына 1 млрд теңге қаражат бөледі. 5 асханаға жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Мекеме асханаларды заманауи техникамен жабдықтауға 135 млн теңге жұмсаған. Жасалған мұндай жағдайға жұмысшылар дән риза. 

Алшакүл Ырысбаева, техникалық бақылау бөлімінің инженері:

- Еш уақытты бұндай тегін тамақ берілмеген біздің өндірісте. Қазір жұмысшылардың барлық жағдайы жасалынды. Өндіріс басшыларына осыны ұйымдастырған, көп-көп рақмет айтамыз. 

Гүлшат Қалдыбекова, ұсақтаушы:

- Ай сайынғы қаражатымыз 15-20 мың теңге көлемінде кететін. Қазір мынау әрі кең өзі таза жерде бізге тамақ ішкен ыңғайлы. 

Аймақтағы ірі компанияның демеушілігімен қолға алынған әлеуметтік жобалар жыл сайын жалғасын тауып келеді. Биыл іргелі ұжым әр жазда жүздеген жамбылдық жеткіншекті қабылдайтын балалар лагерін жөндеуден өткізіп, пайдалануға ұсынған. Онда негізінен еңбеккерлердің балалары демалады.

Мерей Бает, Руслан Ахатіллә