Alibaba алаңындағы Қазақстанның ұлттық павильонында 168 млн долларға жуық сауда жасалды

Alibaba алаңындағы Қазақстанның ұлттық павильонында 168 млн долларға жуық сауда жасалды

Бүгінде ол арқылы 130 отандық компания 7500-нан аса тауарын әлемдік нарыққа шығарып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы елдегі онлайн сауданың әлеуеті қандай? Экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызынан білейік.

Әлемдегі ірі әрі бай компаниялардың бірі Alibaba платформасына тағы 46 компания қосылуға ниет білдіріп отыр. Сәлден кейін жалғастырамын.

ОНЛАЙН САУДА ӨРКЕН ЖАЙДЫ

Елде электронды сауданы дамытудың ұлттық жоспары әзірленіп жатыр. Ал Ұлттық статистика бюросы мен Азия даму банкі бірыңғай платформа құрмақ. Ол арқылы өнімін нарыққа шығарудың цифрлық жолын меңгергендер мен маркетплейстердегі сауда көлемін нақты білуге болады. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, еліміз әлемдік онлайн саудада сенімді транзиттік хабқа айналды. Бірқатар халықаралық ұйыммен байланыс пысықталуда. Оның үстіне отандық компаниялар Amazon, Alibaba, Ebay, Wildberries сынды халықаралық платформаларда жемісті жұмыс істеп жатыр. Ел ішінде де онлайн қызмет пен тауарға тапсырыс берушілер көбейген. Биыл электронды сауда үлесі 8,7 процентті құрады. Нәтижесінде кәсіпкерлер қолма-қол саудадан 7,5 трлн теңге пайда тапса, онлайн кіріс үлесі 654 млрд теңгеден асты.

ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ МҮМКІНДІК

ШОБ иелерінің цифрлық сауаттылығын арттыру маңызды. Бұл ретте министрліктің қолдауымен электрондық коммерция мектебі ашылған. Ол арқылы жас кәсіпкерлер онлайн бизнес жүргізудің қыр-сырын меңгеріп жатыр. Аз уақыт ішінде 1500 адам тегін курстан өтіп, тауары мен қызметін сайт, әлеуметтік желілер арқылы сатуға дағдыланған.   

Аружан Меде, бизнес мектептің коммерциялық директоры:

- Өзінің тауарларын тек қана Қазақстан бойынша емес, Қырғызстан, Өзбекстан және Россияға да сатып жатыр. Яғни біз кәсіпкерлердің ынтасы бар екенін көріп жатырмыз. Біз тек қана ауыл-қалаларда емес, облыстарда да тегін оқуды таратып жатырмыз.

БАСПАНА ЖАЛДАУ ОҢАЙ ЕМЕС

Елде жаңа үйлер арзандады. 0,1 процентке. Сарапшылар бұған дейін баспанаға сұраныстың азайып жатқанын мәлімдеген. Жағдайды реттеу үшін құрылысшылар осындай амалға барып жатыр. Есесіне пәтер жалдау қиындап барады. Тамызда баға 10 жылдағы рекордтық көрсеткішке, яғни 12 жарым процентке өсіп кеткен. Бұған жаңа оқу жылына байланысты студенттердің ағылуы ғана емес, ресейліктердің көбеюі де себеп дейді сарапшылар. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 7 айда елде тұрақтап қалуға келгендердің саны 2 есе өсіп, 5000-ға жуықтаған. Еске салайын ЕАЭО тәртібі бойынша олар Қазақстанда тіркеусіз бір ай тұра алады. Алғашқы үш күн ішінде тіркелгендердің 3 ай тұруына рұқсат. Жалпы жұмыс бабымен, оқу-ем алу, демалу мақсатымен елімізге келген ресейліктер саны 2,5 млннан асты.

БІРЫҢҒАЙ QR-КОД

Отандық банктер бірыңғай QR-код жүйесіне көшеді. Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова былтырдан бері таңбаны стандарттау жұмысы жүріп жатқанын айтады. Әзірге банктер төлем жүйесін жетілдіруде. Нәтижесінде қаржылық ұйымдардың барлық клиенті төлемді ортақ код арқылы жүргізеді. Ал ақша аударымдарына телефон нөмірін пайдалануға болады.