Елде 1 қыркүйекке дейін жеткізілген шетелдік автокөліктер заңдастырылады

Бастапқы тіркеу құны 200-250 мың теңгеден аспауы тиіс. ІІМ әзірге заңнамалық актілерге түзету енгізіліп жатқанын хабарлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы 2019 жылдан бері Қазақстанға үшінші елдерден 122 мыңға жуық темір тұлпар уақытша әкелінген. Көлік нарығын экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызы сабақтайды.

Заңдағы түзетулерге сай азаматтарға көлік заңдастырудың тиімді тетігі ұсынылады. ІІМ биылғы 1 қыркүйектен кейін келген көліктерді заңдастырмау үшін бірқатар орган ақпарат алмасып, бірге жұмыс істейтінін айтады.

ЕАЭО ЕЛДЕРІНЕ 1 МЛН КӨЛІК ЭКСПОРТТАЙ АЛАМЫЗ

Жарты жылда Ресейдің авто нарығы 50 процентке қысқарған. Сатылған жаңа көліктер саны 370 мыңнан сәл асады. Өндіріс те бәсеңдеді. Осы орайда Қазақстан автобизнес қауымдастығы Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіне жеңіл көлік экспортын еселеуге ниетті. Басты тасымалдаушы болу үшін жөнелтілетін көлік үлесін 1 млн-ға жеткізу керек. Қауымдастық менеджері Әнуар Шөкімов бұл машина құрастырушы кәсіпорындарын қаржыландыруды қажет етеді дейді. Бүгінде екі компания сыртқы нарыққа жұмыс істеп отыр. Олар жыл басынан бері 5 жарым мыңға жуық жеңіл көлік экспорттаған. Оның дені Өзбекстан мен Ресейге кеткен. Ал ішкі нарықта жаңа көліктерге қызығушылық аз. Жыл басынан бері 75 мыңы ғана сатылған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 1,5 процентке төмен. Бірақ өткен жылғы тамызбен салыстырғанда көрсеткіш 25%-ке өсіп, 11 жарым мыңға жуықтаған. 

Анар Мақашева, Қазақстан Автобизнес қауымдастығының вице-президенті:

- Ресейден келетін импорттың бірнеше есе қысқаруына қарамастан, қазақстандық автобизнес жылдам қалпына келіп жатыр. Өндірушілер қосалқы бөліктерді жеткізудің жаңа логистикалық жолдарын тауып, ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыра білді. Импорттаушылар мен дилерлер, өз кезегінде, жаңа брендтерге назар аударды.

ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ЛИЗИНГКЕ 1000-ҒА ЖУЫҚ ТЕХНИКА АЛЫНДЫ

Жаңа көліктер қолжетімсіздеу болса да, ауыл шаруашылығы техникасын алуға көмек бар. Елде жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында 989 бірлік техника сатып алынды. Оған 33,6 млрд теңге бөлінген. Бағдарлама басталғалы 1400-ден аса өтініш түсті. Оған жалпы құны 54 млрд теңге болатын комбайн мен трактор алу ұсынылған. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өтініштердің әлі де түсіп жатқанын айтады. Жақында қалған 6 млрд теңге игерілуі тиіс.

Еске салайын, бастапқы жарнасыз лизинг мерзімі 10 жылға дейін, ал алғашқы сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-бен беріледі. Жеңілдетілген несие бағдарламасы 20 жылға есептелген және револьверлік сипатқа ие.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Негізі біз ол бағдарламаны іске асырған кезде бір қолға техниканы 3 данадан артық беруге болмайды деп шектеу қойған едік. Не себептен? Ол орташа және майда шаруашылықтардың қолжетімділігін арттыру үшін. Сол себептен өзіміз көріп отырғандай өте тиімді бағдарлама. Қазіргі таңда 40 млрд теңгенің бәрі игеріліп, 80 пайызы жеткізілді. 20%-і жеткізілетін болады.

ЖАҺАНДАҒЫ АВТО НАРЫҚ ҚАЛПЫНА КЕЛДІ

Бір жылда жаһанда сатылған жаңа көліктер 18 процентке көбейген. Тамыз айында 7 млн темір тұлпар иесін тауыпты. Осылайша нарықтағы құлдырау тоқтады дейді мамандар. Сатылым бойынша баяғы Қытай көш бастап тұр. Тіпті, былтырғымен салыстырғанда өсім 46 процентті құраған. Яғни әлемдегі 7 млн көліктің 2,6 млн-ы осы елдің үлесінде.

Бұған карантиндік шектеулерге байланысты кейінге қалдырылған тұтынушылық сұраныс пен электромобильдер сатылымына жаңа мемлекеттік қолдау әсер етті. Үздіктер тізімін Италия жалғайды. Мұндағы ахуалға да мемлекеттік қолдау оң ықпал еткен. 71 мыңнан аса жаңа көлік сатылды. Бұл былтырғыдан 10 процентке көп. Жылдық өсім АҚШ, Еуропа елдері мен Оңтүстік Кореяда да тіркелді. Ал Жапониядағы көрсеткіш, керісінше, 9%-ке төмендеген. Жалпы жыл басынан бері әлемде 52 млннан аса жаңа көлік сатылды.