Ресейліктердің келуі. Экономика қалай болмақ

Елде ресейліктердің көбеюі нарыққа қалай әсер етеді? Баспана бағасын былай қойғанда, жолақы, комуналдық қызметтер, ақыр аяғы тамақтың жайына алаңдаушылық көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Министрлер кабинеті бұл уақытша жағдай екеніне сенімді. Қазір әрбір жауапты ведомство өз саласында тиісті мониторинг жүргізіп жатыр. Әзірге уайымдайтын ештеңе жоқ дейді үкіметтегілер. Ресейліктердің Қазақстанға көптеп келуі ең алдымен тұрғын үй нарығына әсер етті. Осы секторда баға күрт ауытқыды. Жалға берілетін пәтер құны шарықтап шыға келді.

Арман Бейсенбаев, сарапшы:

Біздің азаматтар пәтер құнын өсіріп, жоқ жерден пайда тапқысы келіп отыр. Бұлспекуляция. Сәлден соң баға түседі. Бұрынғы қалпына келеді дей алмаймын. Бірақ қазіргіден әлдеқайда төмен болады. Оған күмәнданудың қажеті жоқ.

Сарапшының айтуынша, бізде пәтерді жалға беру нарығы реттелмеген. Бұған дейін әркім көрпесіне қарай қосылып, өзінің қалаған бағасын қойып келді. Нарықтағы сұраныс пәтердің жалға алу құнын өзі реттейтін. Ал қазіргі жағдай заңға өзгеріс енгізуді талап етіп отыр.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР қаржы министрі:

– Егер де заң бұзушылықтар болып жатса, олар міндетті түрде құқық қорғау органдарына жүгініп, арыз жазу керек. Жайдан-жай барып, ешкім тексеріс жүргізе алмайды. Оны нақты құқық бұзушылық болған кезде ғана тексереді. Өздеріңіз білесіздер, бізде қазір нарықтық қарым- қатынас, мораторий бар. Шағын және орта бизнесті тексере алмаймыз. Өзіміздің азаматтар ғой көбінесе. Оларжы қазір түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, төлеттіруге бар күшімізді саламыз.

Сырттан кедгендерге баспана ғана емес, аурухана, азық-түлік, банк, мектеп, балабақаша керек. Ұлттық экономика министрі бұл секторларға да айтарлықтай салмақ түсетінін жоққа шығармады. Оның пайымдауынша, артын күтсек, жағдай өзгереді. Яғни ресейліктер мұнда үнемі отыра бермейді.

Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі:

Адамдар келіп жатыр. Бірақ бұл уақытша мәселе. Олардың көбі Қазақстаннан кетеді, әрі қарай үшінші елдерге. Сол себепті бұл жағдай уақытша. Әрине біздің инфрақұрылымға қысымы бар. Оның бәрін шұғыл түрде шешіп жатырмыз.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі:

– Әзірге біз азық-түліктің қымбаттап жатқанын көріп отырған жоқпыз. Жақында мониторинг жүргіздік. Басқа тауарлардың аздаған тапшылығы байқалады. Соны реттемекшіміз.

Иә, бір күндік қонақ құт, екінші күні жұт! Ал егер, саяси жағдай нашарлап, елге келетіндер саны бұдан да көбейе берсе, қайтеміз?!

Арман Бейсенбаев, сарапшы:

Елімізге 30-50 мың, әрі кетсе 100 мың ресейлік қоныс аударса да, олар 20 миллион халқы бар Қазақстанның экономикасына айтарлықтай ықпал ете алмайды. Ал егер 1 мезетте 1 миллион адам келіп, осында қаламын десе, онда жағдай күрт өзгереді. Біздің әлеуметтік инфрақұрылым мұндай өзгерістерге дайын емес. Сондықтан дәл қазір қандай да болжам жасау қиын. Бәрі саяси жағдайға байланысты болады.

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов халықаралық міндеттерді орындағанмен, өз еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін ескертті. Яғни Үкімет құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікке бас назар аударады. Премьер осы орайда, келімсектердің көбеюіне байланысты өз тұрғындарымыздың жоқшылық көрмеуін ойластыруды тапсырды.

Авторы: Дариға Ташенова