BIG APP: 10 минутта үй рәсімдеуге болады

Бұдан былай үйді ипотекаға 1 күнде, ал қолма-қол ақшаға 10 минутта рәсімдеуге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

BI Group компаниясы бүгін ерекше мобильді қосымшаны таныстырды. Оның көмегімен баспанаға мұқтаж адамдар біраз уақытын және қаржысын үнемдей алады. Тіпті қазірге дейін оны 5 мыңға жуық жерлесіміз кәдеге асырып, игілігін көріп те үлгергенЖаңа қосымша елордадағы Digital Bridge-2022 форумында таныстырылды. BI Group компаниясы оны бірер жыл бұрын, құрылыс нарығындағы ахуалды ескере отырып, қолға алған. Енді, міне, кез-келген адам үйден шықпай-ақ баспананы рәсімдей алады.

Нұрлан Оңғарбаев, BI Group қаржылық технологияларды дамыту басқармасының директоры:

– Егер сіз банк арқылы ипотека рәсімдегіңіз келетін болса, 1 ай уақытыңыз кетеді. Бізде ол 1 күн. «Алтын» банк және «Фридом» банкі бірге енгізген сервисі арқасында 1 күн ішінде пәтер сатып алуға болады. Егер қолыңызда 100 пайыз ақшаңыз болса, 10 минутта пәтер сатып алуға болады.

BI Group тек банктермен ғана емес, мемлекеттік органдармен де тығыз әріптестік орнатып, құжатбастылықтың барлығын цифрлы форматқа ауыстырған. Соның арқасында клиент қалтасына түсетін салмақ та айтарлықтай азайды.

Нұрлан Оңғарбаев, BI Group қаржылық технологияларды дамыту басқармасының директоры:

– Сіз оны рәсімдегеннен кейін сату-сатып алу келісімшартына қол қоюыңыз керек. Дұрыс па? Ол нотариус 3 күн уақытты алады. 40-50 мың теңге комиссия төлейсіз. Бізде ол қажет емес. Онлайн блокчейн технологиясының арқасында 3 сағатта регистрация аяқталады.

Қосымшаны қолдану да тегін. Бірақ айта кету керек, үй рәсімдегенде 4 мың теңге көлеміндегі баж салығын міндетті түрде төлеу қажет. Қалай болғанда да, отандық қосымша қолданысқа енді және дәл қазір әлемде оның баламасы жоқ дейді жобаның басы-қасындағылар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Мұхамбет Тілдебаев