Мәжілісте үш жылдық бюджет мақұлданды

Мәжіліс депутаттары «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы уақытта мұнай түсімдерінің үлесі біртіндеп азаятын болады. Ал басқа табыс көздері 2025 жылға қарай 78 процентке ұлғаяды. Бүгін Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі бекітілді. Сондай-ақ инфляция дәлізі жеті жарым-тоғыз жарым процент аралығында болады деп белгіленді. Келер жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2,2 трлн теңге бағытталады. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл сома жаңа бюджеттік қағидаларды ескеріп, анықталғанын айтты. Алдағы жылға Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт көлемі мұнай нарығындағы түсімдерге де байланысты. 2023 жылы қара алтынның кесімді бағасы баррелліне 48,9 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Еліміз ендігі жылы 92,6 млн тонна мұнай өндіреді.

Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі:

– Біздің болжамымыз бойынша Ұлттық қордан тартылатын кепілдендірілген трансферттің көлеміне және орта мерзімді кезінде шығыстардың өсу қарқынына жоғары шекті белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді. Заң жобасын уақытылы қабылдау жоспарлы кезеңде республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және осы ретте Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді.

Алдағы жылда бюджет шығыстарының басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады. Нақты айтқанда жыл сайынғы индексациялау жүргізіледі, зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың контингенті ұлғаяды. 10,6 трлн теңге қазына қаржысы педагогтердің, дәрігерлердің, медициналық емес және азаматтық қызметкерлердің жалақысын арттыруға бөлінеді. Экономиканың нақты секторын қолдауға бюджеттен 2 жарым трлн теңге қарастырылады.

Ержан Біржанов, ҚР қаржы вице-министрі:

– Бұл бағыттың басымдықтары: Біріншіден, өңдеу өнеркәсібін дамыту. Екіншіден, өңірлерде жалғасатын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, Үшіншіден, шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау болып келеді. Төртіншіден, көлік және газ тасымалдау жүйесін дамыту болып табылады. Күш құрылымдарының шығыстары 2023 жылы 2,3 трлн теңге көлемде жоспарланып отыр.

Бюджеттің бүйірін толтырудың бір жолы – мұнайға жатпайтын салалардан түсетін кірісті молайту. 2023 жылы қазынаға 18 трлн теңгеге жуық түсім жоспарланған. Алайда заң жобасын әзірлеушілерге бірқатар сын-ескертпе де айтылды. Мәселе өңірлерді тең дамытуға қатысты.

Айбек Паяев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Шындық керек, шығыс болмай, кіріс болмас дейді. Бірақ та шыққан ақша салық ретінде қайтып отыруы керек. Бүгінгі күні алаңдататын мәселе – Маңғыстау облысы донор қатарынан түсіп кетті. Біз айтып отырмыз ауыз толтырып экономикамыз өсіп жатыр деп, бірақ біздегі маңызды донор өңірі есептен түсіп кетті. Бұны қалай түсінск болады? Екінші сұрақ, Павлодар, Ақтөбе облыстары байлығынан да, халықтың потенциалы жағынан да өте мықты өңірлер. Бірақ дегенмен донор қатарында жоқ.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, қазір елде үш донор аймақ бар. Олар – Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысы. Болашақта бұл қатарды толықтыруға әлеует жетерлік. Үкімет мүшелері келесі үш жылға арналған бюджет құрылымында қазіргі геосаяси ахуал ескерілгенін баяндады. Қаржылық жоспарлар барлық әлеуметтік міндеттемені орындауға мүмкіндік бермек.

Рухани Асқар