Жезқазған тұрғыны ешкі сауып, сүтінен табыс тауып отыр

Жезқазғандық Ләззат Сәбденова қора-қора мал ұстамай, айналдырған бес ешкінің сүтінен пайда тауып отыр.

Қазір ешкілері суалған, дегенмен, көп ұзамай дертке шипа  сүтке  ұзынсонар кезек басталады. Себебі тоқсан мыңнан астам тұрғыны бар Жезқазғанда ешкі өсіріп, сүтін сататын адам ілуде біреу. 

Жалпы мемлекеттің көмегімен ісін дөңгелетіп отырғандар аз емес. Жұрттың алды қой-ешкі тұрмақ бұрын-соңды бұл қалада болмаған пониды да алып келген.

Бұл Альпі тұқымына жататын ешкілер. Сүтті әрі суыққа төзімді. Мемлекет қолдауымен іс бастаған Ләззат Сәбденова оның әр басын 250 мың теңгеге сатып алған. Бірер жылда үлкен фермаға айналады дейді өсімтал малды бала жасынан бағып өскен азаматша.

Ләззат Сәбденова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Ең аз болғанда күніне 2 литр сүт береді ғой. Адам денсаулығына өте пайдалы. Бұлардың ерекшелігі екі төлден жоғары қарай әкеледі. Сондықтан да, төлден де пайда түсіруге болады. Не көбейтуге болады. Бұйырта ешкілерім көбейіп жатса, үлкен сүт фермасын ашқым келеді. 

Ләззат Сәбденова ешкілерді кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында берілген 1 млн 225 мың теңге сатып алған. Жалпы Жезқазған қаласы бойынша аталған жоба шеңберінде биыл 83 адамға 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз қаржы рәсімделген. Негізінен, Жезқазғанда әлі толық қалыптаса қоймаған бизнес түрлеріне басымдық беріліпті.

Жарас Ершеев, Жезқазған қаласы жұмыспен қамту орталығының маманы:

- 83 адамның 41-і әлеуметтік осал топтары қамтылған және 42-сі жастар 29-ға дейінгі. Негізгі салалар мал шаруашылығын дамыту мен қызмет көрсету. Гранттың негізгі мақсаты аз қамтылған жанұя мүшелеріне, сонымен қатар көпбалалы аналарға, не болмаса мүгедек бала асырап отқан аналарға, не болмаса 1, 2-топтағы мүгедектерге беріледі.

Ал мынау Алматыдан жақында ғана әкелінген понилар. Бұл да Жезқазғанда бұрынсоңды болмаған кәсіп. Қазірдің өзінде оның қызметіне сұраныс көп.

Жалғас Сәдуақасов, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Жезқазған бойынша пони ешкімде жоқ қой. Мен балалардың да ойнайтын, қызық көретін Жезқазғанда қызық нәрсе болсын деп осы пониды алып келдік Алматыдан. 1 емес 2-еуін алдық. Сол әріқарай балаларды қыдыртып, шағын бизнес ашып. Сұраныс бар ғой, мысалы мына жерде ДЦП балалар келіп отырады. Еміне жақсы болады дейді.

Әзірге кішкентай балаларға қызмет көрсетіп жүрген Жалғас болашақта понилардың санын арттырып, шағын болса да иппотерапия орталығын ашуды көздейді. Бизнес жоспары да әзір.

Елдос Какенов, Таңат Ысқақ