Ақтөбеде әйелдер кәсібін қолдауға арналған халықаралық форум өтті

Бүгін Ақтөбеде әйелдер кәсібін қолдау мен дамыту мәселесіне арналған халықаралық форум өтті.

«Еңбегі жанған арулар» атты ауқымды шараға  Түркия, Өзбекстан және Ресейден өкілдер қатысып, бизнесті өркендетудің бағыт-бағдарын талқылады. Ал жеке істі жаңа бастаған әйелдер қауымы үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, тәжірибелі кәсіпкерлер өз ақыл-кеңестерін берді. Бір-бірімен байланыс орнатуды көздеген іскер топтар арасында да келісімге қол қойылды.

Биыл ғана жоғарғы оқу орнын тәмамдап, жеке ісін бастаған Нұргүл Елеусізова болашақта талай белесті бағындырмақ ойда.  Халықаралық форумға шақырту алғанда қуанғанын айтады.  Шеберлік сағатында сұлулық салонын ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған танымал мамандармен танысып, тәжірибе алмасудың сәті түсті. 

Нұргүл Елеусізова, Хромтау қаласының тұрғыны:

- Болашақта өзімнің салонымды ашып, сонда Қазақстанда атақты визажист болғым келеді. Мұндай тренингтер ең біріншіден, өзімді дамыту, байланыс жасау, сонымен қатар тәжірибе алу және де мотивация береді ең бастысы алдыға қарай дамуға.

Облыс бойынша кәсіппен айналысатын 40 мыңнан астам әйел бар. Бұл өңірдегі бизнес өкілдерінің тең жартысы. Өз ісін бастауға ниетті жандардың қатары жыл санап көбейіп жатыр. Үйде бала тәрбиелеп отырса да,  нан пісіріп, киім тігіп, медициналық қызмет көрсетіп, табыс тапқысы келетіндерден өтініш көп түседі. 

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:

- Көп балалы аналар, ерекше туған балалары бар көптеген бізде аналар бар.  Олардың бәрін үй жағдайында отырып, табыс табу көздерін ойластыру керек. Сондықтан осыған қазір бүкіл аудандар, ауылдардан келіп осы тәжірибені қазір алмасып жатыр. Оның бәрі болашақтаөздеріне де керек, өмірлеріне де керек, бала-шағаларына керек қой деп ойлаймыз. 

Форум барысында облыстық іскер әйелдер қауымдастығы Түркия және Өзбекстан елдерінде жұмыс істейтін бірнеше компания арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев