Қазақстан диірменшілері 900 тонна ұнды экспорттай алмады

Бір кездері ұн мен бидай экспорты жөнінен алдыңғы қатарда болған Қазақстан биыл пайдадан қағылды.

Отандық диірменшілер осыны айтып налып отыр. Нақтырақ айтсақ, соңғы үш жылда қазақстандық диірменшілер 900 тонна ұнды экспорттай алмады. Биыл өндірілген 12 млн тонна бидайдан да түскен пайда шамалы.  Неліктен олай? Бақыт Топтаева рет-ретімен айтып берсін.

Биыл қырмандағы шаруалар егіннің 22 млн тоннасын орған. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Қазақстанның экспорттық әлеуеті – 7 млн тонна екенін ескерсек, сәйкесінше биыл оны ұлғайту көзделген еді. Алайда экспорт маусымы аяқталмай жатып, кәсіпкерлер шығынға батқанын айтып, шырылдап отыр. «Шамамен 60 млн доллар желге ұшты» дейді олар. Қазір қоймаларда 12 млн тонна бидай жатыр.

Қыркүйектің орта шеніне дейін экспортқа енгізілген шектеулер қолбайлау болған еді. Қыркүйектің 15-нен кейін шектеу алынып тасталған соң, өндірушілер 3 айда өнімді сыртқы саудаға шығарған-тұғын. Бірақ көп ұзамай туындаған теміржол тасымалының түйткілі тағы да кедергі келтірді. Оған қоса, теміржол тасымалына жауапты компания желтоқсанда Сарыағаш бағыты арқылы Орталық Азияға тауар тасуды тоқтатқан. Бұл да жығылғанға жұдырық болды.  

Зейнолла Әбдуманапов, "KazGrain" ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы:

- Вагондар қалай тоқтады, солай тұр. Экспорт маусымы аяқталып, өнімді сыртқа саудалайтындар табысынан қағылды. Маусымның ең қызған шағы  қазан, қараша айлары өтіп кетті. Тауарға деген сұраныс азайып, экспорт бағасы 20 долларға кеміді. Бұған дейін бидайдың тоннасын 310-320 долларға таситын едік, қазір енді 290 сұрап отыр.

Ал Қазақстан Темір жолы компаниясы тасымалдауда еш мәселенің жоғын айтады. Баспасөз қызметі түсіндіргендей, желтоқсан айында транзиттік тасымал тоқтаған. Бірақ отандық бидай мен ұн бекітілген кесте бойынша вагондарға артылып жатыр. Диірменшілердің де осы ретте өкпесі қара қазандай. Ұн экспорты биыл миллион тоннадан сәл-ақ асқан. 

Евгений Ган, бидай өңдеушілер одағының президенті:

- Төрт жылдың жүзі болды. Жол картасы бойынша ортақ келісім жоқ. Қажетті ұсыныстардың барлығын сонда енгізген едік. Атап айтсақ, қаржылық қолдау, қосылған құн салығының қайтарымы, осы салықтың автоматты түрде қайтарымы. Сонымен қатар, Қытайдағы сауданы дамыту, яғни сол жақтағы тауарлы бренді ілгерілету, жеке өкілдіктерді ашу, тасымал мәселесі сияқты талай дүниені ұсынғанбыз. Алайда, неліктен екені белгісіз жол картасы әлі күнге дейін мақұлдаудан өтпеді. Жалпы, құзырлы органда саланың дамуына жауап берер маман жоқ.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл жөніндегі пікірі бөлек. Субсидия мен жеңілдіктер жеткілікті. Басқа елдердің тарифтік шектеулерімен күресуге де дайын.  Ол елдердің қатарында  Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстан бар.

Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарығы департаменті директорының орынбасары:

- Жақсы болсын, жаман болсын ұн өндірісін қолдаудың тетігі қарастырылған. Жеңілдетілген несиелеу, өңдеуге берілетін сыйақы мөлшерлемесі, қарапайым заттар экономикасы аясында жеңілдетілген несие тағы беріледі. Оның үстіне, үкімет деңгейіндегі ведомствоаралық комиссия да осы мәселелерді көтереді. Қазір мысалы Өзбекстанмен келісім жасалып жатыр. Яғни Өзбекстан арқылы экспорттауда еш кедергі туындамайтындай шарт қойып жатырмыз.

Бидайды өңдеп, сыртқа тиімді бағамен саудалау – отандық кәсіпкерлердің ұпайын түгендейтін маңызды мәселе. Алайда тараптардың өзара мәмілеге келе алмауы елдің әл-ауқатын арттыруға кесірін тигізіп отыр. Сала сарапшыларының ойы осыған саяды. 

Бақыт Топтаева, Сәния Көпжасарова, Ақылбек Есімсеитов