Жетісу облысы елімізді медициналық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ете бастады
Жетісу облысының Сарыөзек кентіндегі тігін шеберханасы елдегі емдеу мекемелерін қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ете бастады.
Бір реттік медициналық халат, бетперде тігетін кәсіпорынның өнімі бұған дейін сыртқа саудаланып келген. Енді ішкі нарыққа шығарылады. Мекеме он бес адамды еңбекпен қамтып отыр. Қызметкерлердің басым бөлігі көп балалы аналар. Өңірде тұрғындардың екі қолына бір күрек тауып беріп отырған осындай мекемелер баршылық. Нәтижесінде былтыр 14 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Алмагүл Нұрмұхаметқызы алты құрсақ көтерген күміс алқа иегері. Бала күтімімен 17 жыл бойы үйде отырған ана шеберхана ашылғанда алғашқылардың бірі болып жұмысқа орналасқан. Бастапқыда дайын өнімді қаптаса қазір тігін тігеді.
Алмагүл Нұрмұхаметқызы, тігінші:
- Менің келгеніме бір апта болды. Бір аптаның ішінде 700 халат тіктім. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Уақытымен айлығымызды алып, жылы жер
Назым Шәріпқызы, тігінші:
- 15 жыл жұмыссыз болғам. Жұмысым өзіме ұнайды. Жақсы. Коллектив бар. барлығымыз ауызбірлікте тігіп отырмыз.
Тігін шеберханасында 15 адам еңбек етіп жатыр. Олар айына 20 мың дана қорғаныш құралын шығарады. Отандық өнім осыған дейін Ресейге жөнелтіліп келген. Ендігісі еліміздегі ауруханаларға жіберіледі. Саладағылар алдағы уақытта киім өнеркәсібін қолға алмақ.
Анар Қыстаубаева, шеберхана жетекшісі:
- Жаңадан ашылған соң біз бір реттік, халаттар, баскиімдер, бахилы тігіп жатырмыз. Негізі бізде жоспар комбинизондар, спецовкалар қыстықтары, жаздықтары сондай нәрселер енгізу жоспарда бар.
Жетісу облысында өткен жылы 14 мыңнан аса адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Олардың басым бөлігі нәзік жандылар. Жұмыспен қамту басқармасындағылар «Күміс жас» және «Бастау бизнеспен» қатар наурызда жастарды қолдауға бағытталған жаңа бағдарлама жүзеге асатынын айтып отыр. Жобаға 1млрд 200 млн теңге қарастырылып 250 шақты адамға шағын несие беру жоспарланған.
Ермек Мизамбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының м. а.:
- Президент тапсырмасы бойынша жастарды 35 жасқа дейінгі азаматтарды өзінің бизнес жоспарын жүзеге асыру үшін бес жылға дейін 5 млнға дейін 2,5 пайызбен несие беріледі. Ұлттық жобалар облыстың оның ішіндегі ауылды елді мекендердегі әйел адамдарды өзінің ісін бастауға өзінің табысын арттыруға үлкен септігін тигізеді деген сенімдеміз.
Жетісу облысында 46 мыңнан аса шағын және орта бизнес нысаны бар. Соның 45 пайызын нәзік жандылар басқарады. Жеңілдетілген несие түріндегі қолдау өңірдегі кәсіпкерлік саласын дамытуға тың серпін бермек.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов