Қазақстан мен АҚШ-тың өзара тауар айналымы 3 млрд доллардан асты
Былтыр Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының өзара тауар айналымы 3 миллиард доллардан асты.
Бұл екі ел арасындағы соңғы отыз жылдағы рекордтық көрсеткіш. Біздің Вашингтондағы тілшімізге сұхбат берген Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев осылай деді. Пандемиядан соң алыс-беріс өткен жылмен салыстырғанда 37%-ке өскен. Соның ішінде экспорт 32%, ал импорт 40% артыпты.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Елімізден алыс жатса да алпауыт АҚШ-пен алыс беріс көбейді. Тауар айналым отыз жылда рекордық деңгейге көтерілді. Қазақстан негізінен шикізат, мұнай, темір, құбыр, тантал экспорттайды. Ал АҚШ-тан жеңіл автокөлік, ет, құс етінің өнімдері, дәрі-дәрмек, вакцина сияқты тауарлар келген. Инвестиция саласында да өсім бар.
Былтыр 9 айда АҚШ Қазақстан экономикасына 5,03 млрд долларды салды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 59% артық. Әрине негізінен мұнай-газ, энергетика саласына ақша құйған.»
Ержан Ашықбаев, Қазақстанның АҚШ-Тағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
- Сауда-экономикалық қатынастарға келетін болсақ, бұл көрсеткіш рекордтық деңгейде 3 млрд. доллардан асып отыр. Енді статистикалық ауытқулар әрине бар. Осы Американ статистикасына сүйенетін болсақ, онда Қазақстаннан келетін экспорт, яғни Америкаға келетін импорт Американың Қазақстанға жасаған экспортынан 1,5 млрд доллардан асып түсіп отыр, яғни профицит біздің пайдамызға.
Ресейге салынған санкциялардан соң батыс компаниялары Қазақстанға қоныс аудара бастаған. Елшінің айтуыншы былтыр бірнеше америкалық кәсіпорын өндірісін елімізге көшірді. Жалпы Қазақстанда АҚШ-тың 600-ден астам компаниясы жұмыс істейді. Алайда, одан да көп бірлескен компания болар ма еді, егер Джексон-Вэник түзетулері болмаса. Ресей, Қырғызстаннан алынған шектеулер неге әлі күнге дейін елімізден алынбаған деген мәселені бұған дейін бз де көтергенбіз. 1974 жылы Кеңес Үкіметімен сауданы шектейтін түзетулерді 30 жылдан отандық дипломаттар да оқтын-оқтын көтеріп келеді.
Ержан Ашықбаев, Қазақстанның АҚШ-Тағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
- Әрине имидж тұрғысынан жаңа компаниялардың Қазақстанға келуіне, тұрақты сауда қатынастарының дамуына кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан бұл мәселе бойфынша да біз өз жұмысымызды жалғастырып келеміз. Біз 11 рет бастама көтергенбіз. Қазір де 118 Конгресс өз жұмысын бастап отыр, екі жылдық мерзімге. Сондықтан 118 Конгрессте де біз Қазақстан достық добының демеушілігімен осы мәселені шығаратын боламыз.
Бұдан бөлек екі ел баламалы энергия көздері және көміртекті өндіру, білім беру салаларындағы әріптестікті әртараптандыруға мүдделі. Әсіресе жасыл энергия, IT, ауыл шаруашылығы, сирек кездесетін металдар, тау-кен өнеркәсібі, өңдеу және жеңіл өнеркәсіпке басымдық берілмек.