Қазақстанда жұмыс істейтін зейнеткер көбейген
Қазақстанда кейінгі үш жылда жұмыс істейтін зейнеткерлер саны 26 пайызға артты.
Қазіргі таңда жасы 65-тен асқан 200 мыңнан астам қызметкер еңбек нарығына араласып жүр. Жасы келсе де, қауқары қайтпаған қарттар әр салада бар. Еңбек - бейнет емес дейді олар.
Елордалық Болат Рақымов жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Жетпістің желкенін керген қария ауылшаруашылығы саласында зейнетке шыққан. Өмір бойы агроөнеркәсіптің айналасында жүрген ол кейін кәсіби қызметін фитнеске ауыстырды. Салауатты өмір салтымен айналысып, өзгені де осы жолға үгтіттеуді жөн көрдім дейді ол.
Болат Рақымов, зейнеткер:
- Мен жалқау емеспін. Мен ылғи жұмыс істегім келіп жүреді. Сол себептен осындай жұмыстарды істедім. Қазір мен осында старший тренер, эксперт дейді. Маған денсаулық керек. Денсаулық болу үшін денені шынықтыру керек. Солай ғой? Сол себепті келіп жатқан зейнеткерлерге ылғи айтып отырамын. Дене шынықтыру керек, үйде отырмау керек, диванда отырмау керек деп.
Ал Лилия Төлеубайқызының негізгі мамандығы экономист. Жұмысы кеңсеге байланған соң өз бетінше гимнастиканы үйренеді. Зейнетке шыққан соң хоббиіне бет бұрып, йогамен айналыса бастады. Ән-биге де қатысып, қарттықты қызығушылықпен байланыстырды. Нәтижесінде жаттықтырушы болып жұмысқа орналасты.
Лилия Абу, зейнеткер:
- Осы центр ашылғаннна бері осы центрде бірінші волонтер болып жұмыс істедім, сосын йогадан сабақ беріп жүрмін. Бұл жерде менің бірінші нем хор, содан кейін барып йога. Мен өзім солай айтам. Жарты ставкамен жұмыс істеймін осында. Шынын айтқанда, барлығы менің өзімнің жүрегімнің қалауы, сол үшін.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, зейнетке шықса да жұмысын жалғастыратындар көбейген. Әрине егде жастағылардың бәрі спорт залда немесе жылы креслода отырған жоқ. Арасында өндіріс орындары мен ауыр жұмыста жүргендер де бар.
Гүлнәр Бекішова, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы жұмыспен қамту басқармасының басшысы:
- Жұмыспен қамтылған еңбекке қабілетті жастан асқан адамдар саны 215 мың адамды құрады. Бұл жұмыспен қамтылғандардың ішіне өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жалдану бойынша жұмыспен қамтылғандар санаты кіреді. Осы жұмыспен қамтылған еңбекке қабілетті жастан жоғары азаматтардың көбісі мынадай қызмет түрлерінде: ауыл шаруашылығы, сауда, білім беру және денсаулық сақтау саларында еңбекпен қамтылған.
Қазақстанда 2 млн астам зейнеткер бар. Лайықты демалысқа шыққан жандардың жұмысты жалғастыруын көпшілік түрлі себеппен байланыстырады. Ал мамандар қарт адамға жеңіл жұмыс істеу пайдалы екенін айтады.
Бекзат Аманов