Еуразиялық одақта ортақ зейнетақы келісім-шарты жұмыс істей бастайды
Еуразиялық экономикалық одақта ортақ зейнетақы келісім-шарты жұмыс істей бастады.
Бұл құжат 2021 жылы күшіне енген. Келісім еңбеккерлердің тең құқығын қамтамасыз етеді. Ол аталған одаққа мүше елдің аумағында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан адамға зейнетақы төлеуге кепілдік береді. Зейнетақы экспорты құқығын 12 мыңға жуық адам пайдаланған. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері мәлімдеді. Сондай-ақ биылғы жылдың соңына дейін зейнетақы төлеу саласындағы мәліметтерді алмасуды жеңілдетуге арналған бірыңғай кіріктірілген ақпараттық жүйе іске қосылады.
Алтынай Өмірбекова, ЕЭК Еңбек миграциясы және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры:
- Түсінікті болу үшін нақты мысал келтірейін. Мәселен, 2022 жылы сіз зейнеткерлікке шықтыңыз және басқа бір елдің аумағында бір жылдық жұмыс өтіліңіз бар делік. Міне осы бір жылға, мысалы, Ресейде жұмыс істесеңіз, Ресей заңнамасы бойынша зейнетақы төленеді. Ал Қазақстанда істесеңіз, Қазақстан заңына сай зейнетақы ала аласыз. Бұл 2021 жылдан одаққа мүше елдердің аумағында жұмыс істеген адамдарға қатысты норма. Алайда бұл оған дейін істегендердің зейнетақы көлеміне әсер етпейді, дегенмен, зейнетақы алу құқығында еңбек өтілі ескеріледі.