Мал ұстайтын ауыл тұрғындары сүтті қайда өткізеді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке аулада мал ұстағандарға қолдау көрсету керектігін жиі айтады.
Себебі ірі шаруашылықтар ішкі нарықты 70-80 пайыз сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді. Ал қолда мал ұстайтын ауыл тұрғындары сүтті қайда өткізеді? Елді мекендерде қабылдау орындары бар ма? Жалпы бұл бағыттағы кәсіпорындардың қауқары қандай? Олар сырттан келетін өнімдермен бәсекелесе ала ма? Түркістан облысындағы тішіміз Жандос Жұмабек осы мәселені зерттеп көрді.
Қымбат Тағаева Жетісай ауданы Жолдасбек Ералиев ауылдық округінің тұрғыны. Зейнеткер өмір бойы балабақшада жұмыс істеген. Бірақ соған қарамастан күніне 3 сиыр сауып, сүтін өткізіп келген. Кейуана қазір ауылда сиыр да, сүт те бар, бірақ өткізетін орын жоқ екенін айтады.
«Егер сүт қабылдайтын орындар болса, сиыр сауып отырған келіндері әлі де өткізер еді», - дейді.
Қымбат Тағаева, зейнеткер:
- Келіндер 2-3 сиырдан сауады. Күніне 10-5 литр сүт алып жатады. Оны ұйытып, айранғып пісіп, майын майдай, құртын құрттай жеп қояды. Келіп алып кететін молоковозда жоқ, келіп алып кететін. Балаларға шәйпұл болатын. Сондайды қолға алса болады ғой енді?
Ал Жетісай ауданының Қарақай ауылында орналасқан мына кәсіпорын 2019 жылы ашылған. Сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорын шаруа қожалықтары мен тұрғындардан сүттің литрін 200 теңгеден сатып алады. Алайда мамандар қазір көктем мезгілі болғандықтан сүт аз екенін айтады. Кәсіпорын түріктің техологиясымен жабдықталған. 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ержан Дәуіт осы цехтың бас технологы. Келген сүтті қабылдап алуға тікелей жауапты. Қай қондырғыға қанша сүт қажет екенін де өзі бақылайды. Себебі «сүтке қойылатын талап жоғары»,-дейді.
Ержан Дәуіт, ферма технологы:
- Сүтті таңертеңгі және кешкі деп екіге бөліп қабылдаймыз. Келген сүтті міндетті түрде тексеріп, майлылығын, сапасын тексереміз. Су қосқанын құрылғылар арқылы тексереміз. Қазір сүт аз, ауыл аймақтардан жинап келеді. Жинайтын адамдар бар. Солар күніне екі, үш тонна сүт әкеледі. Солардың бір жарым тоннасын қаймағын аламыз. Қалғанын сырға жұмсаймыз.
Ферма жаз мезгілінде тәулігіне 30 тоннаға дейін сүт қабылдауға қауқарлы. Цехта сүт өнімдерінің 20-дан астам түрін шығаруға мүмкіндік бар. Әзірге айран, сүт, қаймақ, ірімшік сияқты халық күнделікті тұтынатын 12 түрлі өнім шығаруда. Мамандар мұндағы өнімдер табиғилығымен құнды екенін айтады. Шетелдік өнімдермен салыстырғанда еш химиялық қоспасыз дайындалады. Көп өнімдері қондырғының көмегінсіз қолмен әзірленеді.
Ұлбосын Әзенова, ферма жұмысшысы:
- Мысалы, мына брензаны өзіміз қолдан жасаймыз. Қолдан суға бастырып өзіміз жасаймыз. Мына мацарелланы да, бұл ең өтімді өнім, пиццаға арналған. Бұл да ең өтімді дүние. Мынаны да кесіп, күленкеге салып, кейін вакумдап, печать басып істейміз. Біздің өнімдеріміз бір ай көлемінде өз сапасын сақтап тұра алады.
Дайын өнім облыс аумағынан бөлек Шымкент, Түркістан, Қызылорда және Алматы қалаларына жөнелтіледі. Өткен жылы дайын өнім көршілес Өзбекстанға экспортталған. Биыл да жоспарда бар. Алдағы уақытта ферма басшылығы өнім түрлерін 20-ға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін қосымша қондырғы сатып алмақ. Бұл экспорт көлемін арттыруға сеп болатынын айтады. Жалпы Түркістан облысында сүт өндірумен айналысатын 22 кооператив бар. Олар жылына 26 мың тонна сүт өндіреді. Ал 21 кәсіпорын дайын өнім шығарады. Биыл облыста сүтті терең өңдейтін жалпы құны 20,5 млрд теңге болатын 4 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш