БҰҰ Транскаспий дәлізін қолдады

Женевада Орталық Азия елдері делегацияларының кездесуі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосуда БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін жүзеге асыру идеясын қолдады. Ұйымның аймақ экономикасына арналған арнайы бағдарламасын тиімді дамыту жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Қазақстан БҰҰ-ның Арнайы бағдарламасын Орталық Азия экономикасын дамыту үшін қолдануды жалғастырады. Еліміз жобаны одан әрі дамытуды қолдайды.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Біз бұл бағдарламаны ұлттық бастамалар мен БҰҰ-ның аймақтағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірегей алаң деп қарастырамыз. Көлік бағыттарын әртараптандыру, сауданы ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру Қазақстан экономикасының басты бағыттарының бірі болып саналады.

Дмитрий Марьясин, БҰҰ Еуропалық экономикалық кеңесі атқарушы хатшысының орынбасары:

- 2022 жыл БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы үшін өзгерістерге толы, күрделі жыл болды. Біз Қазақстанның халықаралық ұйым алаңында жүзеге асырған шараларын жоғары бағалаймыз. Қазақстан тарапы Алматыда экономикалық форум мен Басқарушы Кеңестің отырысын өте жақсы ұйымдастырды. Кездесулерде маңызды шешімдер қабылданды.

Министр Әзербайжанның БҰҰ-ның арнайы бағдарламасына төрағалық жасауына қолдауын білдірді. Осы елдің президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға сапарына тоқталды. Бауырлас мемлекеттер халықаралық ұйым мен Орталық Азиядағы бастамаларын үйлестіріп отыруға уағдаласқанын атап өтті.

Дмитрий Марьясин, БҰҰ Еуропалық экономикалық кеңесі атқарушы хатшысының орынбасары:

- Қазақстанның көшбасшылығымен аймақта көлік, энергетика, сауда, орман және тұрғын үй салу салаларында жаңа ынтымақтастық түрлері дамып келеді. Өңірде энергетикалық серіктестікке де көп ден қойылып отыр. Біз Қазақстан және шекаралас елдермен суды пайдалану, жасыл энергетикаға көшу, көмірқышқыл газын шығаруды азайту және көлік саласында бірлесіп әрекет етуге күш салып жатырмыз.

Орталық Азия елдерінің өкілдері басқосуда сауда, инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және жасыл технология мәселелерін талқылады. Сауда-экономикалық ынтымақтастық пен ұйымның тұрақты даму мақсаттарын қарастырды. Кездесу соңында бірлескен қарар қабылданды.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.