2022 жылы елімізге $28 млрд инвестиция тартылды

Былтыр елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы құны 28 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл –соңғы 10 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Бірақ оның жартысына жуығы тау-кен саласына бағытталған. Ал өңдеу өнеркәсібіне жұмсалған үлес небәрі бестен бір бөлігін құрайды. Осыған байланысты салық саясатын қазіргі жағдайға бейімдеу қажет. Ақша құямын деп келген шетелдік инвесторларға қаржылай қолдау жетіспей тұрған жобаларды ғана ұсыну керек, - дейді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әр маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысын бақылау үшін прокуратура қызметкерін бекіту керек. Бұл ұжымдық жауапкершілік жүйесін нығайтып, мемлекеттік қызметкерлер қате шешім қабылдау қаупінен құтылады. Осы арқылы инвестиция тарту жұмысының тиімділігі артып, шетелдік кәсіпкерлердің де қауіпсіздігіне кепіл бола алады. Елдегі инвестициялық климат та жақсарады.