Автозауыт Қостанайда кампус түріндегі жатақхана салып жатыр

Қостанайда бүгін кампус үлгісіндегі жатақхананың алғашқы іргетасы қаланды.

«Аллюр» автозауыты салып жатқан тоғыз қабатты нысан институт, колледж студенттері мен қаладағы кәсіпорын жұмыскерлеріне арналған. Заманауи жаңа жатақхана өнеркәсіп аймағында орналасқан. Сондықтан өндірістен қол үзбей, техникалық мамандарды оқытып, дайындауға  тиімді.

Дастан Ғапбасовтың мамандығы заңгер болғанымен екі жыл бұрын өз қалауымен Қостанайдағы «Аллюр» автозауытына жұмысқа кірген. Арнайы дайындық курсынан өткен ол, бүгінде техникалық бақылау бөлімінің маманы міндетін атқарады. Жұмысы көңіліне жаққанымен баспана мәселесі қинап жүргендігін жасырмады.

Дастан Ғапбасов, «Allur» автозауытының техникалық бақылау бөлімінің маманы:

- Жалдамалы пәтерде тұрамыз отбасымызбен. Шындығына келгенде қазіргі уақытта үй жалдау жағы өте қиын. Қымбат. Баға өсті. Мынау кәсіпорын жанынан  баспана, тұрғын үй салынады дегенді біз жастар қуана қабылдадық. Неге десеңіз, мұнда мен сияқты жастар көп. Біз үшін ол  үлкен қолдау.

«Аллюр» автозауыты қолға алған кампус түріндегі  жатақана құрылысының ауқымы кең. Жер телімімен қоса есептегенде жалпы аумағы 13,5 мың шаршы метрді алып жатыр. Тоғыз қабатты нысанда шамамен 250-300 адам тұратын болады. Әрқайсысының жеке асүй, жатын, жуынатын бөлмесі бар.

Ерлан Төлетаев, «Allur» автозауытының қоғаммен байланыс қызметінің басшысы:

- Компания басшылығы кампус-жатақхананы студенттер мен жұмыскерлерге барынша жайлы ету жасау туралы шешім қабылдады. Яғни мұнда тұрғын үйден бөлек, сауықтыру-демалу кешені болады. Болашақта басқа да мекемелер қосылып, академиялық қалашыққа айналуы мүмкін. Өнеркәсіп аймағы кеңейіп келеді. Жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Сондықтан қазірдің өзінде аса қажет кадр мәселесін шешудің бұл ең тиімді жолы.

Жобалаушылардың айтуынша кампустың ішінде кітапхана, компьютерлі сынып, медициналық пункт, тренажер залы жабдықталады. Ал сыртында жүгіру жолымен, футбол, баскетбол алаңдары салынады.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг