Үкіметте өткен кеңесте Ә.Смайылов бизнестің мүдделерін атап өтті
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған іс-шаралар нақты нәтиже беруі тиіс.
Салық, бюджет және тарифтік саясатты жаңғырту кезінде бірінші кезекте азаматтар мен бизнестің мүдделері ескерілуі керек. Үкіметте өткен кеңесте Премьер-Министр Әлихан Смайылов осы мәселелерді атап өтті. Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі инфляцияны жылдың соңына дейін 2 есе төмендету. Сәйкесінше инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені жаңартылады. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруда жергілікті әкімдіктер мен Сауда және интеграция министрлігі өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбекті қамтамасыз етуі тиіс. Азық-түлік корпорациясы мен тұрақтандыру қорларына маңызды рөл беріледі. Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жұмсалатын бюджет қаражаты тиісті деңгейде бақыланбақ. Өңдеу өнеркәсібіндегі мемлекеттік қолдау шаралары күшейеді. Инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінбек. Инвесторлар мен инвестициялық жобалардың дерекқоры бар интерактивті инвестициялық карта түзіледі. Сондай-ақ Үкімет басшысы жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында қатты пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жобаларға салық салуды қайта қарау, өндіріс көлемінің өсуін ынталандыру, инвестиция тарту, инновацияларды енгізу, жұмыспен қамтуды арттыру қажеттігін атап өтті.