Қостанайдың Сарыкөл ауданы егіннен мол өнім береді

Қостанай облысы Сарыкөл ауданы соңғы үш жыл қатарынан егін түсімі жағынан көш бастап тұр.

Шаруалар биыл да берекелі өнім алатынына сенімді.  Орта есеппен  гектарынан 15-20 центнер аралығында бидай жинаймыз-деп  топшылап отыр. Оған негіз де жоқ емес. Сарыкөлдік шаруалардың егіншілікте жоғары өнімділік көрсетуінің сыры неде? 

Мынау топырақ өңдеу агрегаты жыртқыш балық атауымен Барракуда деп аталады. Басқаларға таңсық соңғы үлгідегі шетелдік техника Эдуард Двуреченский басқаратын шаруашылықта ғана бар екен. Басқасынан  артықшылығы сол,сапалы және екі есе өнімді.

Эдуард Двуреченский, шаруа:   

- Бұл машинаның ерекшелігі жер жыртатын табақшасы бірегей, берік. 7-8 см тереңдікте өңдеп, топырақтың төмеңгі қабатын үстіне шығарып, тегістеп өтеді. Жердің құнарлылығын сақтайтын қабатын түзеп шығады.  

Сарыкөл ауданының аумағында егіншілікпен айналысатын 22 серіктестік, 548 шаруа қожалығы бар. Солардың көбісі барлық агротехникалық шараларды сақтап, жоғары технологияны қолдануға тырысады. Техника, тұқым жаңарту жағынан да сарыкөлдіктер көпке үлгі. 

Амантай Балғарин, Сарыкөл ауданының әкімі:

- Ең бірінші техника жаңарту, жоспарлап отырған 4,5 пайыз болса, біз 6,5 пайызға дейін жаңартып отырмыз жыл сайын. Және де егінді жақсы алу үшін өзіңіз білесіз тұқым жақсы болуы керек. Тоннамен айтсақ, 1141 тонна алынды элита биыл, 290 тоннадай бірінші репродукция, Бұл 70 пайызға шейін барады.

Биыл Сарыкөл ауданы бойынша 330 мың гектарға дәнді дақылдар себіледі. Қазір егіс науқаны аяқталуға таяу. Топырақтағы ылғал мөлшері де көңіл қуантады. Сондықтан  сала мамандарының  биылғы жылдан үміті зор.  

Нариман Төлепов, Сарыкөл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Аудан бойынша 160-170 см ылғал бар. Бұл тұрақты түрде 14 центнерден егін алуға мүмкіндік береді. Оның үстіне бізде технология жақсы дамып келе жатыр. Өздеріңіз көріп отырсыздар. Жаңа технологиямен жұмыс істеп жатқандар 20-дан артық алады.

Облыс бойынша осы күнге дейін 4 миллион 541 мың гектарға жазғы дақылдар себілді. Бұл жалпы егістік алқабының 92 проценті. 

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг