«Мақат-Солтүстік Кавказ» газ құбырының лупингі іске қосылды

Атырау облысында «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральді газ құбырының лупингі іске қосылды.

Инвестициялық жоба  облыс  халқы мен өндірістік кәсіпорындарды үздіксіз көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін қолға алынды.  Энергетикалық қауіпсіздікті арттыру да басты міндет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бұл. Магистральді газ құбырының екінші тармағы өңірдегі тұтынушылардың сұранысын толық қамтуға қауқарлы.

«Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбыры 30 жылдан бері қолданыста. Осыдан 4 жыл бұрын жүргізілген тексеру кезінде бірінші тармағынана ақау анықталған еді. Егер магистралды газ құбыры жылыту маусымы кезінде істен шықса,  тұтынушылар қиындық көреді. Сондықтан, көп созбай,  магистралды газ құбырының екінші тармағын іске қосу қажет болды. 

Санжар Жаркешов, QazaqGaz ұлттық компаниясының төрағасы:

- Бірінші тармағы әрқашанда жұмыс істеп тұрады. Сондықтан қысқы-күзгі жылыту кезеңінің алдында жасалатын ремонттық жұмыстар өте маңызды. Сондықтан осы лупингті қолданып, газбен қамтамасыз етіп, бір тармағын тоқтатып, ремонт жасап, сосын екінші тармағына көшуге мүмкіндік береді. 

QazaqGaz Ұлттық Компаниясы қаржыландырған «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының қуаттылығы жылына 13 млрд текше метрден асады. Жобаны іске асыруға  86 млрд теңге бөлінді.

Қайрат Нұртаев, облыс әкімінің орынбасары:

- "Мақат-Солтүстік Кавказ" магистралдық желісінің жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгін іске қосылып жатыр. Облысқа құйылып жатқан ірі инвестициялардың бірі. Тек ғана Мақат ауданын емес, Атырау облысындағы ірі өндірістік мекемелеріміз бар, әлеуметтік нысандар салынып жатыр, көптеген тұрғын үй салынып жатыр. Соның бәрін үздіксіз газбен қамту мақсатында жүзеге асып жатқан жобалар. 

Жоба аясында өңірдегі өндірістік нысандар табиғи газға көшеді. Сондай-ақ «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын үздіксіз газбен қамтуға мүмкіндік береді. 

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев