Шағын шаруашылыққа бірігу жерді тозудан қорғауға көмектеседі
Ұсақ және шағын шаруашылықтар жер көлемінің аздығына байланысты ауыспалы егістік технологиясын сақтай бермейді.
Салдарынан еліміздегі топырақ құнарлығы 30 процентке дейін төмендеген, дейді ғалымдар. Жерді тоздырмау үшін шағын қожалықтарға бірігу қажет. Диқандарды күш біріктіре еңбек етіп, ірілендіруге шақырған жиын Жетісу облысының Ескелді ауданында өтті.
Герман Нам ұсақ шаруаларды өз қарамағына топтастыруды екі мыңыншы жылдары бастаған. Содан бері ол 25 қожалықты серіктестігіне қосты. Нәтижесінде шағын шаруашылықтар 1700 гектардан аса жерді игеретін үлкен құрылымға айналды.
Герман Нам, серіктестік жетекшісі:
- Біз бірігіп барлық мүмкіндігімізді пайдаланып қаражатымызды қосып, заманауи техникаға қол жеткіздік. Сол арқылы жұмыс жеңілдеп, өнім көлемі артты. Қазір бидайдың, жүгерінің және қант қызылшасының жаңа сұрыптарын егіп сынақтан өткізіп жатырмыз.
Аталған серіктестік өңірдегі үздік шаруашылықтың бірі. Сондықтан олардың тәжірбиесі елуден аса шағын қожалық иесіне үлгі ретінде көрсетілді. Басқосуда ірілендірудің артықшылығы айтылып, ауыспалы егістік технологиясының тиімділігі түсіндірілді.
Асқар Шәріпов, Қазақстан фермерлер қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы:
- Бұл өте маңызды мәселенің бірі себебі ауыспалы егістік көлемін сақтау арқылы жердің құнарлығын көтеруге болады. Соны басқа шаруаларға айтып, оларға ықпал етуге семинарда тырыстық.
Шағын шаруашылықтар ұжымдасса жер көлемі ұлғайып ауыспалы егістік технологиясын сақтауға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде өнім көлемін 40 процентке арттыруға ықпал етеді,- дейді ғалымдар.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев