Шымкентте Тәжікстан 500 тоннадан астам өнімді жәрмеңкеге шығарды

Тәжікстанның мәдениет күндері аясында Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Жергілікті жұртқа жеңілдетілген бағамен жеміс-жидек пен көкөніс саудаланып,  тәжіктердің ұлттық тағамдары ұсынылды. Сондай-ақ өнеркәсіп тауарларының көрмесі ұйымдастырылды. Шарада шеберлердің қолөнер бұйымдары таныстырылды.

Қала орталығында тәжік елінің 500 тоннадан астам  ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкеге шығарылды. Жеміс-жидек, көкөніс, кептірілген жемістер мен бал өнімдері нарықтағы бағадан 10 % арзан сатылып жатыр. Жәрмеңке екі күнге жоспарланған. 

Гүлнәр Тоқмұрзаева, қала тұрғыны:

- Тәжікстаннан келген жәрмеңке өте керемет. Сапасы, бағасы да, дәмі де өте керемет. Бұрын алатын едік сухофрукттарын, жемістерін алатын едік. Ұнайтын еді. Бүгін келіп, көріп қуанып жатырмыз.

Қос елдің сауда-экономикалық байланысы жанданып, арадағы алыс-беріс артып келеді. Тауар айналымында экспорт көлемі ұлғайды. Шымкенттік кәсіпкерлер Тәжік еліне минералды таңайтқыштар мен киім-кешек, өсімдік майы, макарон, сабын сияқты түрлі өнімдерді тікелей тасымалдайды.     

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Сауда-экономикалық ынтымақтастық екі ел арасындағы қатынасты дамытудың басым бағыттарының бірі. Бүгінде Тәжікстан қаламыздың сенімді сауда серіктесіне айналды. Сауда айналым соңғы 5 жылда 12 миллион доллардан 37 миллион долларға дейін үш есеге өсті. 

Қазақстан Тәжік елінің негізгі сауда серіктестерінің бірі. Бізге жеміс-жидек, көкөністен басқа,   алюминий өнімдерін жеткізеді. Тараптар мәдениет күндері аясында екі жақты келісімнің нығайып, сауда-саттықтың арта  түсеріне сімді. 

Курбон Хакимзода, Тәжікстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі:

- Қос елдің екі жақты қарым қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстанмен достық байланыс нығайып, стратегиялық сенімді серіктесімізге айналды. Біз мұны жоғары бағалаймыз. 

Ертең Тәжікстаннан келген делегация шаһардың көрікті жерлерін аралап, орталық кітапханаға барады. Мәдениет министрі бірлескен жаңа жобаларды іске асырып, ынтымықтастықты одан әрі нығайтуға   ниетті екенін жеткізді. Ал кешке атаулы күннің қорытынды концерті өтеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы