Ауыл аманаты: Түркістан облысында 3,5 мың жұмыс орыны ашылады
«Ауыл аманаты» аясында биыл Түркістан облысына 20 млрд теңге бөлінді.
Жобаға облыстағы 16 ауданнан 32 ауылдық округ қатысып жатыр. Нәтижесінде 3 жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Игі бастама ауыл тұрғындарының өз кәсібін бастауға үлкен мүмкіндік туғызып отыр»,-дейді жергілікті халық.
Жасыратыны жоқ, қазір көптеген ауылдарда қосымша жұмыс орындары жоқ. Соның салдарынан жастардың дені ауылда қалғысы келмейді. Өйткені аядай ғана ауылдағы мектеп пен емханаға барлығы бірдей орналаса алмайды. Сондықтан қалаға кетуді жөн көреді. Ал ауылдағылардың жалғыз тіршілік көзі – егін мен мал шаруашылығы болып тұр. Төле би ауданы Көксәйек ауылының тұрғыны Жеңіс Әшімов екі қолға бір күрек таппай біраз жүргенін айтады. Жаңа жобаның басталғанын естіп, құжаттарын әзірлеген. Нәтижесінде 5 млн 250 мың теңге несие алыпты. Оған 14 бас жылқы сатып алып, бордақылап отыр.
Жеңіс Әшімов, Көксәйек ауылдық округінің тұрғыны:
- 2,5 пайыздық бұл бағдарламаның 1 жылдық демалысы бар екен. 1 жылдан кейін әр 6 айда бір төлейді екенбіз. Негізі ыңғайлы. Осындай тірлік жасаймын дегендерге қолайлы. Алуға болады. Алдағы уақытта осыларды семіртіп, бордақылау, дамыта береміз әрі қарай.
2,5 пайыздық несие қол жеткізгендердің бірі Өміртай Есенқұлов. Ол да осы ауылдың тұрғыны. Ерекше кәсіпті жыл басында ашқан. Қазір кәуап пісіруге таптырмайтын, ағаштан жасалған брикет шығарып жатыр. Дайын өнімді еліміздің бірнеше облысына өткізетінін айтады. 3 келілік 1 қабы 550 теңге. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Несие алып, кәсібін кеңейту үшін осы жобаға қатысқан.
Өміртай Есенқұлов, Көксәйек ауылдық округінің тұрғыны:
- Мен 27 млн теңгеге өтініш бергем 2,5 пайызға, бірақ 8,5 млн теңге келісім берді. Қазіргі таңда цехтың қуаттылығы тәулігіне 500 қап, соны күндігіне мың қапқа жеткізу, яғни 3 тоннаға. Қазір күніне 1,5 тонна шығарып жатырмын.
Мамандар Төлеби ауданынан «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға екі жүзден аса адам ниет білдіргенін айтады. Кейбірінің құжаттары дұрыс болмағандықтан тіркеуге алынбапты. Жоба асында ауданға 600 млн теңге қаралған. Бүгінге дейін шаруалар соның 300 млн теңгесін алып үлгірген.
Құттымұрат Тұрғынбаев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Біздегі екінші ауыл Киелітас ауылдық округі, ол да мал бағытына таңдалды. Бірақ ол сүтті бағытқа. Қазіргі таңда 17 шаруа қожалығына қаржы түсті. Олар мал алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2-кезең бойынша тағы екі ауыл таңдалды. Ол 1 мамыр және Қаратөбе ауылдық округі. 6 бағытты да толығымен қамтимыз деген жоспар қойдық.
6 бағыт демекші, несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және облыс тұрғындарының өз кәсібін ашуына мүмкіндік береді. Жоба аясында жеке кәсіпкерлер 1-ден 8,5 млн теңгеге дейін, ал ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері 27,5 млн теңгеге дейін несие ала алады. Мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жобаға Түркістан облысынан 2500 азамат қатыса алады.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш