Әлеуеті зор аудандардың өзінде туризм артта қалып тұр
Еліміздің туристік әлеуетін пайдаланып, оны серпінді жобалар қатарына шығару маңызды.
Бұл ел президентінің биылғы жолдауында көтерген мәселелердің бірі. Бірақ өңірлер үшін оның тұрақты табыс көзі болатынына көпшілік әлі көз жеткізе қоймаған. Мұны ішкі туризмді насихаттап жүргендер қынжыла айтып отыр. Салдарынан әлеуеті зор аудандардың өзінде туризм кенже қалған салалардың қатарында тұр.
Аққұм-Сағыз аталатын шөлді аймақ халық арасында кең танымал. Әрі көпшіліктің сүйікті демалыс орындарының бірі саналады. Оның ені 15 шақырымға, ал ұзындығы 60 шақырымға созылып жатыр. Құмды жер Байғанин ауданының Алтай батыр ауылы маңында орналасқан. Биыл мұнда 700-ден астам турист тоқтаған. Осыны ескерген жергілікті билік маңына демалыс үйлерін орнатып, кемпинг ұйымдастырған.
Асхат Аманжолов, Байғанин аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Айналасына осы жергілікті мекемелердің, тұрғындардың арқасында абаттандыру жұмыстары, айналасын қоршау, тазалық жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда осы жергілікті ауылдық округтің қарауында.
Облыс аумағында Алтай батыр сияқты туристерді қабылдайтын елді мекендер некен-саяқ. Табиғаты тамылжып тұрған аудандарда алыс жолдан шаршап келгендер аялдайтын қонақ үй жоқтың қасы. Аймақтың туризм саласын тежеп тұрған фактордың бірі осы.
Еркебұлан Аймұратұлы, туристік компания өкілі:
- Кейбір региондарға барып жәрмеңке жасаймыз. Ауылдың сүт-майын, тарысын деген сияқты солардың барлығын дайындап, туристтерге әкеліп, кішігірім жәрмеңке жасап мысалы ауылға туристтер ақша қалдырып кетіп жатыр. Алдағы уақытта үлкен кәдімгі үйлер салып сол жерде туристтерді қабылдай алатындай дәрежеге жетеміз деп ойлаймын. Оған енді жылдар керек. 5-6 жылда жетіп қаламыз шығар деген менің өзімнің ойым.
Ақтөбе облысында жолы жайлы, әрі қажетті инфрақұрылыммен қамтылған 6 туристік бағыт бар. Қонақтарды қабылдайтын бірнеше кемпинг салынған. Бірақ саяхат ұйымдастырушылар инвестицияның аздығын айтып, салаға бет бұрған кәсіпкер тапшы деп отыр.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков